Следите за новостями

Цифра дня

6,5 млн операций на 170 млрд тг. обработано с момента запуска в системе QR-платежей

    Қазақстанда балаларды профилактикалық тексеру үшін цифрлық жабдықтар мен ЖИ енгізілуде

    ҚР премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жаңа оқу жылының басталуына дайындық барысы қаралды.

    19 августа 2026 15:09, Profit.kz
    Рубрики: Qazaq IT

    Мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылына дайындығы туралы оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, жоғары оқу орындарының дайындығы туралы ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, білім беру нысандарының санитариялық-эпидемиологиялық дайындығы туралы денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, білім беру нысандарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету туралы ішкі істер министрі Ержан Саденов, мектептердің интернетпен қамтылуы және цифрландырылуы туралы жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкин баяндады. Сондай-ақ Атырау, Алматы, Ақмола және Павлодар облыстары әкімдерінің баяндамалары тыңдалды.

    Денсаулық сақтау министрі балалар денсаулығын сақтау, аурулардың профилактикасы — денсаулық сақтау жүйесінің негізгі басымдықтары екенін атап өтті. Оның айтуынша, соңғы 3 жылда мектептердегі медпункттердің жарақтандырылу мен қызметкерлермен қамтылу деңгейі 95%-ға дейін ұлғайған.

    «2026 жылдың бірінші жартыжылдығында 2,3 млн бала, яғни жылдық жоспардың 52%-ы профилактикалық тексеруден өтті, қалғандары жыл соңына дейін өтеді. Патологиясы анықталған балалардың динамикалық қарауға жататын 36%-ы бақылауға алынды.

    2025 жылдан басталған «Болашаққа сау тіспен» жол картасы аясында стоматологиялық кабинеттер саны 145-тен 288-ге дейін ұлғайтылып, білім беру ұйымдарындағы профилактика мен ауыз қуысының гигиенасы дағдыларын қалыптастыру жақсарды. Профилактикалық тексерулердің сапасы мен тиімділігін арттыру мақсатында министрлік биыл оларды ұйымдастыру, цифрландыру және жүргізу тәртібін қайта қарады. Алғаш рет барлық балаларға ауруларды ерте анықтау үшін цифрлық диагностикалық құрылғылар қолданылады. Оның ішінде ЭКГ, фонендоскоп, пульсоксиметр, отоскоп, интраоральдық камера секілді жасанды интеллект пайдаланылатын болады», — деді ол.

    Өткен жылы құрылған Балалардың цифрлық тізілімі профилактикалық тексеру мен қауіп факторларын ерте анықтаудан бастап медициналық маршрут, маманға жолдау және динамикалық бақылауға дейін 54 көрсеткішке күнделікті мониторинг жүргізуді қамтамасыз етеді.

    Министрдің айтуынша, мектеп медицинасы процестерін кешенді цифрландыру аясында денсаулық сақтау жүйелерін Ұлттық білім беру деректер базасымен (ҰБДБ) интеграциялау аяқталды. Бүгінде бұл шара оқушылардың тіркелген және білім алатын орны туралы деректерді алуға, профилактикалық тексеру мен вакцинация және денсаулық топтарын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, министрлік Ресурстарды басқару жүйесінде мектептердегі медпунктерді медициналық ұйымға бекіту функционалын жүзеге асырды.

    Өз сөзінде ол санитариялық-эпидемиологиялық бақылау бойынша да айтып берді.

    «2026 жылғы 1 ақпаннан мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын, балаларға арналған объектілерге мемлекеттік бақылаудың ерекше тәртібі енгізілді. Жаңа тәртіп бұндай объектілердің қауіпсіздігін бақылауды күшейтуге, оның ішінде оларға барып мониторинг жүргізу және кенеттен тексеру жүргізуді қолдануға мүмкіндік берді.

    Осы жылдың маусым айында жаңа оқу жылына дайындығы мониторингісімен мектептердің 99%-ы, медициналық пункттердің 96%-ы және мектеп-интернаттарының 99,2% қамтылды. Қорытындысы бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы 8 400 нұсқама беріліп, 287 жедел ден қою шаралары қабылданды. 2026 жылғы 13 тамыздағы жағдай бойынша берілген нұсқамалардың 82,8%-ы орындалды. Осыған орай, әкімдерден нұсқамалардың толық орындалуын қамтамасыз етуді және қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтін объектілерде тиісті шараларды қабылдауды сұраймын», — деді Ақмарал Әлназарова.

    Сонымен қатар асханалардың 95%-ына (6 338) мониторинг жүргізілген. Жаңа оқу жылында мектеп асханаларында тамақтану стандартының талаптары мүлтіксіз орындалуы қажет. Денсаулық сақтау министрлігі балалардың денсаулығын сақтау мәселелерін тұрақты бақылауда ұстайды.

    Подписывайтесь на каналы Profit.kz в Facebook и Telegram.