«Қазақтелеком» АҚ-ның Антифрод колл-орталығы қазақстандықтардың 30 миллион теңгесін алаяқтарға қолды болып кетуінен сақтап қалды
«Қазақтелеком» АҚ интернет-алаяқтыққа қарсы тиімді күрес жүргізуде.
Бас прокуратураның бастамасымен құрылған Антифрод колл-орталығы мен құқық қорғау органдарының бірлескен жедел іс-қимылының арқасында жалпы сомасы 30 миллион теңгені құрайтын қаражатты жымқыру әрекеттерінің жолы кесілді.
Осылайша, 2026 жылғы 10 шілдеде Антифрод бөлімшесінің мамандары 1950 жылы туған Қазақстан тұрғынына қатысты алаяқтық әрекеттің алдын алуға көмектесті. Онлайн ұрылардың психологиялық ықпалына түскен әйел пәтерін сатудан түскен 20 миллион теңге сомасындағы депозитін шешіп алып, оны жалған «қауіпсіз шотқа» аудармақ болған. Мамандар дер кезінде аралаып, полициямен бірлескен жұмыстың нәтижесінде қаражат аман қалды.
Тағы бір жағдай 2026 жылдың 13 шілдесінде Шымкент қаласында орын алды. 1978 жылы туған қала тұрғыны алаяқтардың нұсқауымен 10 миллион теңгені «қауіпсіз шотқа» аударуға дайындалған. Сигнал түскеннен кейін Антифрод бөлімшесінің қызметкерлері Киберпол бөлімшесімен бірлесіп жедел әрекет етті. Жәбірленуші және оның туыстарымен профилактикалық әңгіме жүргізіліп, ақша бөгде шотқа аударылуға шақ қалғанда қылмыстың алдын алу мүмкін болды.
Бүгінде алаяқтар әлеуметтік инженерия әдістерін жиі қолданып, өздерін банк, мемлекеттік органдар, құқық қорғау құрылымдары немесе байланыс операторларының қызметкерлері ретінде таныстырады. Әртүрлі сылтаумен азаматтарды жалған «қауіпсіз шоттарға» ақша аударуға көндіреді.
«Қазақтелеком» АҚ азаматтарды цифрлық қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырады:
— ешқашан ақшаны «қауіпсіз» немесе «резервтік» шоттарға аудармаңыз;
— бөгде адамдарға SMS арқылы келген кодтарды, құпиясөздерді және банк карталарының деректерін айтпаңыз;
— күмәнді қоңыраулар түскен жағдайда әңгімені бірден тоқтатып, ұйымның ресми сайтында көрсетілген нөмір арқылы өзіңіз хабарласыңыз.
«Қазақтелеком» АҚ-ның Антифрод колл-орталығының жұмысының арқасында күн сайын алаяқтық тәсілдер анықталып, азаматтардың ақшасын жымқыру әрекеттерінің алдын алу жүзеге асырылуда. Компания азаматтарды қорғау құралдарын одан әрі жетілдіріп, мемлекеттік органдармен бірлесіп телефон және интернет-алаяқтыққа қарсы жұмысты жалғастырады.