Следите за новостями

Цифра дня

На 74,3% выросло производство компьютеров и электронного оборудования в РК

    UNCTAD World Investment Report 2025 Есебін ұсынды: Қазақстан орнықты жобалар мен цифрлық трансформацияға басымдық беруде

    Біріккен Ұлттар Ұйымының Сауда және даму жөніндегі конференциясы (UNCTAD) өзінің жыл сайынғы World Investment Report 2025 баяндамасын жариялады.

    25 июня 2025 07:33, Profit.kz
    Рубрики: Qazaq IT

    Құжатта жаһандық тікелей шетелдік инвестициялар (ТШИ) ағынының 11%-ға төмендегені көрсетілген — $1,5 трлн дейін. Ең үлкен құлдырау дамушы елдер мен теңізге шығатын жолы жоқ елдерде байқалды.

    UNCTAD деректеріне сәйкес, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері 151 миллиард доллардан астам таза ТШИ тартып, Орталық Азияда сенімді көшбасшы болып отыр. Екінші орында — Түрікменстан ($44 млрд), одан кейін — Өзбекстан ($16 млрд), Тәжікстан мен Қырғызстан шамамен $4 млрд-тан.

    2024 жылы Қазақстан алғаш рет таза ТШИ бойынша -2,6 млрд доллар теріс көрсеткіш көрсетті. Бұл бүкіл аймақтың жалпы статистикасына әсер етті. Бұл құлдырау бірнеше себептерге байланысты: жаһандық тұрақсыздық, геосаяси тәуекелдер, трансұлттық корпорациялардың инвестициялық белсенділігінің төмендеуі және бірқатар ірі жобалар бойынша капиталды қайтаруды ескеретін есептеу әдістемесі.

    Маңызды атап өтетін жайт — таза ТШИ-дің теріс көрсеткіші негізінен осы жылы компаниялар бұрын қайта инвестицияланған кірістерін дивиденд ретінде акционерлерге төлеу үшін шешім қабылдағандықтан қалыптасты. Қазақстан мұндай инвесторлық шешімдерге ықпал ете алмайды, дегенмен бұл жағдай елімізде компаниялардың табысты жұмыс істеп, кіріс алып, оны қайта инвестициялап отырғанын көрсетеді, бұл өз кезегінде Қазақстанды халықаралық инвесторлар үшін тартымды етеді. Пайданың еркін бөліну мүмкіндігі де еліміздегі ашық әрі тұрақты экономикалық ортаға дәлел бола алады. Бұл үрдіс алаңдаушылық туғызатын емес, керісінше инвестициялардың белсенді кезеңінен табыс алу кезеңіне табиғи ауысуды көрсетеді. Қазақстан халықаралық инвесторлар үшін сенімді әрі тартымды алаң болып қала береді.

    Айта кету керек, мұндай құбылыстар Қазақстанға ғана тән емес. 2024 жылы Ирландияда (-$38,9 млрд) және Швейцарияда (-$60,7 млрд) да теріс көрсеткіштер тіркелген. Алдыңғы жылдары Нидерландта (2023, -$184 млрд) және Люксембургте (2022, -$316 млрд) ұқсас жағдайлар болған. Бұл — экономикалық циклдер мен ірі компаниялар акционерлерінің шешімдеріне байланысты қалыпты құбылыс.

    Сонымен қатар, UNCTAD баяндамасында Қазақстанға қатысты бірқатар оң үрдістер атап өтілген:

    — Қазақстан теңізге шығатын жолы жоқ елдер (LLDCs) арасында көлік саласына тартылған жаңа инвестициялық жобалар көлемі бойынша көшбасшы болды — $8 млрд жуық сомаға 19 жоба.
    — Қазақстан аймақтағы ең ірі бес greenfield жобасының төртеуін жүзеге асыру туралы келісімге келді, соның ішінде Катарлық UCC компаниясының $5,5 млрд газ қондырғысы және Қытайдың Fujian Hengwang компаниясының $1,8 млрд болат зауыты.
    — Қазақстан инвестициялық реттеуді жеңілдету бойынша көшбасшылар қатарында, соның ішінде лицензиялау бойынша цифрлық платформа мен басым жобаларға арналған жеделдетілген рәсімдер (fast-track).
    — Қазақстан — эмиссия саудасының ұлттық жүйесін енгізген төрт дамушы елдің бірі. Бұл — орнықты экономика мен жасыл технологияларға баса назар аударудың дәлелі.

    UNCTAD Қазақстанның жаңа өндірістерді іске қосу, оның ішінде «Бір белдеу — бір жол» бастамасы аясында халықаралық серіктестерді тарту бойынша белсенділігін атап өтеді. Қытай және Таяу Шығыс инвесторларының инфрақұрылымға, металлургияға және шикізатты өңдеуге салған қаражаты — болашақ өсімнің негізі.

    Бұған қоса, БҰҰ-ның ЭСКАТО ұйымының деректеріне сәйкес, 2024 жылы Қазақстан жаңа жобаларға тартылған инвестициялар көлемі бойынша Солтүстік және Орталық Азияда көш бастады — $15,7 млрд немесе аймақтың барлық жаңа инвестицияларының 63%-ы, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 88%-ға өсім.

    Сыртқы сын-қатерлерге қарамастан, Қазақстан инвестициялық ортаны дамыту, орнықты цифрлық экономиканы қалыптастыру және жаңа индустриялық жобаларды іске асыру үшін стратегиялық серіктестерді тарту бойынша белсенді жұмысын жалғастыруда.

    Подписывайтесь на каналы Profit.kz в Facebook и Telegram.