Мемлекеттік қызметтердің цифрлық трансформациясы
7 сәуір Қазақстанда мемлекеттік қызмет көрсету саласының қызметкерлерінің күні атап өтіледі.
Сонымен қатар 9 жыл бұрын дәл осы күні «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы құрылды. 10 жылдық мерейтойы қарсаңында Мемлекеттік корпорация алдағы уақытта заманауи технологиялар тренді — жасанды интеллектті басты қозғаушы күші ретінде пайдаланып, дамуды көздейді.
«Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы халыққа көрсетілетін қызметтің сапасы мен жылдамдығын арттыру үшін мемлекеттік қызмет саласына заманауи цифрлық шешімдерді белсенді енгізіп келеді. Цифрлық трансформацияның жарқын мысалының бірі — 1414 байланыс желісінде интеллектуалды дауыс роботын енгізілуі. Роботтың көмегімен азаматтың МӘМС жүйесіндегі мәртебесін анықтауға, сотталғаны немесе сотталмағаны туралы анықтама алуға, салық берешегі мен әкімшілік айыппұлдарды тексеруге, несие мен қарыздан өз еркімен бас тартуға өтініш рәсімдеуге және басқа да қызметтерді алуға болады. Айта кетейік, робот 60-қа жуық сұранысқа ие қызмет бойынша кеңес беріп, 10 түрлі қызмет түрін көрсетеді. Тек 2025 жылдың бірінші тоқсанында ғана ол 800 мыңнан астам қоңырауды өз бетінше өңдеп, нәтижеге дейін жеткізді.
Жылдық стратегия аясында корпорация call-орталық жұмысына дауыс ассистентін енгізуді жоспарлауда. Ол озық сөйлеу синтезі технологияларымен жабдықталып, клиентпен шынайы диалог жүргізе алады. Ассистент қоңырауларды қабылдап, жиі қойылатын сұрақтарға жауап беріп, стандартты өтініштерді шешіп, тіпті шынайы адаммен сөйлескендей әсер қалдырады. Бұл технология жалпы қоңыраулардың 40 пайызын өңдеуге мүмкіндік беріп, азаматтардың сұранысын нақты әрі жылдам қанағаттандыруға ықпал етеді.
Сонымен қатар, биыл жүргізуші куәлігін беру саласына да ерекше назар аударылмақ. 2025 жылдың соңына дейін МХҚКО-ларда теориялық емтихан тапсыру кезінде Augmented Reality (AR) — кеңейтілген шынайылық технологиясын толық енгізу жоспарланып отыр. AR-көзілдірік арқылы емтихан тапсырушы шынайы графикалық көріністер ұсынылатын виртуалды ортаға енеді. Көзілдірік іске қосылған кезде компьютер экраны қараңғыланып, бөгде көмекті қолдану мүмкіндігі толығымен жойылады.
Сондай-ақ, тәжірибелік емтиханды өткізу барысында «Computer Vision» жүйесін енгізу жоспарланған.
«Мемлекеттік қызметтердің цифрлық трансформациясы — бұл тез әрі ыңғайлы ғана емес, азаматтардың қажеттіліктеріне бағытталған жаңа буын сервисін қалыптастырудың кілті. Жасанды интеллект пен озық технологияларды қолдану әрбір процесті қарапайым, түсінікті, қолайлы етіп, „Азаматтарға арналған үкіметпен“ өзара әрекеттесуді мүлде жаңа деңгейге шығуына көмектеседі. Біз тек жаңа технологияны енгізіп қана қоймай, әрбір кезеңде сапа мен тиімділікті қамтамасыз етіп, қызмет көрсету тәсілін өзгертеміз», — дейді «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы Арман Кенжеғалиев.
Айта кетейік, бүгінде «Азаматтарға арналған үкімет» 334 ХҚКО мен 28 мамандандырылған ХҚКО-дан тұратын кең ауқымды желіні қамтиды. Тек 2024 жылы корпорация тарапынан 23 миллионнан астам қызмет көрсетілген.