Startup Ecosystem Awards 2024: Қазақстанның стартап-экожүйесі Орталық Азиядағы көшбасшылығын қайта растады
Әлемдік стартап-экожүйелерді саралайтын StartupBlink рейтингі Қазақстанның Орталық Азиядағы көшбасшы рөлін қайта бекітті.
Еліміз өңір бойынша бірінші орынға орналасып, әлемнің үздік 75 стартап-экожүйесінің қатарына кірді. Астана қаласы стартап-экожүйені дамытудағы елеулі жетістіктерінің арқасында өңірдегі жетекші инновациялық орталық ретіндегі беделін нығайтып келеді. Бұл табыстың басты қозғаушы күші болған Astana Hub технопаркі өңірлік рейтингтегі жоғары нәтижелері үшін Best Startup Ecosystem in Central Asia атағына ие болды.
StartupBlink зерттеуінің қорытындылары Қазақстанның халықаралық аренада бәсекеге қабілетті екенін және оның инновациялық даму орталығына айналу әлеуетін айғақтайды.
«StartupBlink жыл сайын 100-ден аса елдегі 1300-ден астам стартап-экожүйені 40-қа жуық көрсеткіш бойынша бағалайды. Оған стартаптар мен акселераторлардың саны, коворкингтер, жұмыс орындарының ашылуы, сондай-ақ стартаптардың жаһандық нарықтағы жетістіктері сияқты критерийлер кіреді, — деді Astana Hub басқарушы директоры Танат Өскембаев. — Соңғы үш жыл ішінде Қазақстан рейтингте тұрақты өсу қарқынын көрсетіп, ғаламдық стартап-қауымдастықтағы орнын нығайтып келеді. Сонымен қатар еліміз Орталық Азия өңірлік экономикалық бағдарламасы (CAREC) елдерінің арасында да көш басында тұр».
2024 жылы Astana Hub Қазақстанның стартап-экожүйесін дамытуда айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. Мәселен, Astana Hub пен Google for Startups бірлесе әзірлеген Silkway Accelerator акселерациялық бағдарламасы аясында Орталық Еуразиядан түскен 1300-ден астам өтінімнің ішінен іріктелген 62 стартап оқу бағдарламасын сәтті аяқтады. Олар жалпы капитализациясын $500 миллионға дейін ұлғайтып, БАӘ, Түркия және АҚШ нарықтарынан $28,6 миллион инвестиция тартты. Draper University және Дүниежүзілік банктің қолдауымен іске асқан Hero Training бағдарламасы стартаптарға АҚШ нарығына шығуға жол ашады. 2023 жылдан бері аталған бағдарламаға Орталық Азияның үш елінен 37 стартап қатысып, CITIX жобасы әлемге әйгілі венчурлық инвестор Тим Дрейперден $1 млн сомасында инвестиция тартты. Ал жасанды интеллект жобаларын қолдауға бағытталған AI’preneurs бағдарламасы шеңберінде 21 стартап құрылып, соның 7-еуі Seed Money қаржыландыруына ие болды.
Өңірлік экожүйені дамытуға елеулі үлес қосқан тағы бір бастама — Alchemist Accelerator және Silkroad Innovation Hub бірлесіп бастаған AlchemistX & Silicon Valley Residency Program аясында Орталық Еуразиядан 22 стартап АҚШ нарығына шығып, олардың үшеуі жалпы $1,4 млн инвестиция тартты, ал сегізі $379 мың сомасына коммерциялық келісімшарттарға қол қойды.
Осыған қоса, Global Outsourcer 2.0 бағдарламасы аясында 15 қазақстандық IT-компания АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Канада, БАӘ, Австралия сияқты 24 елдің клиенттерімен $355 мыңнан астам сомаға 98 экспорттық келісімшарт жасасты.
IT-саланың қарқынды дамуы Қазақстанның инновацияларға және технологиялық стартаптарды қолдауға деген айрықша басымдық беретінін көрсетеді. Мұндай бастамалар еліміздің халықаралық инвесторлар үшін тартымдылығын арттырып, жаһандық стартап-қоғамдастықтағы негізгі ойыншылардың біріне айналғанын растайды.