Технологияларды қолдау орталықтары: Қазақстанда инновациялық экожүйені дамытудағы стратегиялық маңызы
Орталықтардың бастамасы мен қолдауы туралы ОКҚ алаңында әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекова айтып берді.
Технологиялар мен инновацияларды қолдау орталықтары (ТИҚО) инновациялық экожүйе және инновациялар мен шығармашылықты дамыту үшін қолайлы орта құруда маңызды рөл атқарады. Бүгінгі таңда еліміздің 18 өңіріндегі 32 университеттің базасында осындай орталық жұмыс істейді.
Ол орталықтардың қызметі өңірлерде инновациялық кәсіпкерлікті дамытуға бағытталғанын атап өтті. Олар шаруашылықпен айналысатын субъектілерге өнертабыстарға, пайдалы модельдерге және басқа да өнеркәсіптік меншік объектілеріне құқықтық қорғауды ресімдеуді үйретіп, қажетті ресурстар береді.
«Жақында Астана қаласында Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымымен бірлесіп ұйымдастырылған осы орталықтарды дамыту жөніндегі өңірлік конференция өтті. Бұл іс-шара тәжірибе алмасу және зияткерлік меншік саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайту үшін стратегиялық маңызға ие, сондай-ақ тұрақты инновациялық даму үшін жағдай жасауға ықпал етеді. Біз семинар тәжірибесін ескере отырып, технологияларды қолдау орталықтарының желісін кеңейту бойынша жұмысты жалғастырамыз. Біз басқа елдердің қандай нәтижелерге қол жеткізгенін көрдік, олардың тәжірибесін қолданатын боламыз, өндіріс базасында ТИҚО құруға болады», — деп атап өтті вице-министр.
Сонымен қатар елордада озық технологияларды әзірлеу және енгізу үшін бизнес пен ғылымды біріктіретін инновациялық алаңдар болып табылатын технопарктер бойынша ДЗМҰ-ның өңірлік конференциясы өткізіледі.
«Білікті кадрларды даярлауды қамтамасыз ету мақсатында ағымдағы жылы ДЗМҰ, Әділет, Ғылым және жоғары білім министрліктері мен Maqsut Narikbayev University арасында Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Нәтижесінде, 1-қыркүйектен бастап зияткерлік меншік және бизнес саласында құқық магистрі (LL.M) бағдарламасы іске қосыды. Бұл бағдарлама бүкіл өңірдегі зияткерлік меншік саласындағы алғашқы мамандандырылған бағдарлама болды, оның инновацияларды дамыту үшін маңызы жоғары», — деді спикер.
Бұдан бөлек, екіжақты ынтымақтастық шеңберінде Сингапур Республикасының Әділет министрлігімен Зияткерлік меншік құқықтарын қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы өзара түсіністік жайында меморандум жасалды. Күн тәртібінде шетелдік патенттік ведомстволармен тағы да бірқатар келісім жасасу мәселелері тұр.
4 қазанда Әділет министрлігі Орталық Азияда тұңғыш рет Жаһандық инновациялық индекс есебін жариялау рәсімін ұйымдастырып, өткізді. Бұл инновациялық дамудың өзекті мәселелеріне назар аударуға, елдер арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға мүмкіндік берді. Қазақстан сапалы өсім көрсетіп, Үндістан мен Ираннан кейін Орталық және Оңтүстік Азия көшбасшыларының үштігіне кіріп, 81-ші орыннан 78-ші орынға көтерілді.