Ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымының құқықтық мәртебесі туралы
Цифрлық құралдарды Ұлттық қаржы жүйесіне үздіксіз біріктіруге бағытталған ұлттық деңгейде бірыңғай реттелетін және инклюзивті цифрлық активтер нарығы құрылады.
Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын реттеу және дамыту, байланыс және банкроттық мәселесі бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңдарға қол қойды.
Аталған заңдармен банктік реттеуді жетілдірумен қатар, қаржылық технологияларды одан әрі тиімді дамыту және инновацияларды қауіпсіз енгізу үшін негіз қалыптастырылады.
Бірінші. Ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымының (ҰЦҚИ) және оның құрамдас бөліктерінің: ұлттық төлем жүйесінің, төлем карточкаларының банкаралық жүйесінің және мобильді төлемдердің банкаралық жүйесінің, цифрлық теңге және ашық банкинг платформасының, биометриялық сәйкестендіру жүйесінің, алаяқтық операцияларға қарсы іс-қимыл жөніндегі ұлттық орталықтың (Антифрод-орталық) құқықтық мәртебесі бекітіледі. Халық пен бизнес мүддесі үшін мобильдік аударымдар және QR-төлемдер бойынша қызметтерді кеңінен көрсету үшін банктердің ҰЦҚИ-мен өзара іс-қимылын жетілдіру көзделеді (бұл сервис халыққа QR-төлемдерді және әртүрлі банктер арасында мобильдік аударымдарды қабылдауға және жүзеге асыруға мүмкіндік береді).
ҰЦҚИ іске асыру және дамыту банкаралық өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыруға, инновациялық қаржы сервистерін көрсетуді кеңейтуге және қаржы нарығындағы бәсекелестікті арттыруға бағытталған.
Екінші. Ұлттық валютаның жаңа цифрлық нысаны — цифрлық теңгенің мәртебесі қалыптастырылып жатыр. Цифрлық теңге Қазақстан аумағында заңды төлем құралы саналады. Цифрлық теңгенің жалғыз эмитенті — Ұлттық Банк. Цифрлық теңгемен өзара іс-қимыл қаржы нарығына қатысушылар арқылы жүзеге асырылатын болады.
Смарт-келісімшарттар технологиясы мен цифрлық теңгенің бағдарламаланатын мүмкіндіктері инновациялық сервистерді құруға және мемлекеттік қаржының қалай жұмсалатынын ашық бақылауға жол ашады.
Үшінші. Цифрлық қаржы активтерін (ЦҚА) шығару, қамтамасыз етілмеген криптовалюталардың реттелетін айналымын кеңейту үшін кешенді құқықтық режим, сондай-ақ олардың айналым инфрақұрылымына қойылатын талаптар мен реттеуші органдардың өкілеттіктері белгіленеді.
Қамтамасыз етілмеген цифрлық активтердің (лицензияланатын цифрлық активтер қызметін көрсетуші провайдерлер арқылы криптовалюталардың) реттелетін айналымын енгізу крипто-фиаттыұқ арналарды (криптовалютаны ақшаға аудару/айырбастау тетігі) заңдастыруға мүмкіндік береді, азаматтардың құқығын қорғауды және операциялардың ашықтығын қамтамасыз етеді.
Осылайша, цифрлық құралдарды Ұлттық қаржы жүйесіне үздіксіз біріктіруге бағытталған ұлттық деңгейде бірыңғай реттелетін және инклюзивті цифрлық активтер нарығы құрылады.