Следите за новостями

Цифра дня

Эффект в $1,3 млрд от внедрения ИИ планирует получить за 5 лет «Самрук-Казына»

    Президенттің тапсырмасы бойынша елімізде жоғары жылдамдықты интернетке барлық жерде қолжетімділік қамтамасыз етіледі

    Бүгінгі таңда Қазақстанда 6 мыңнан астам ауылдық елді мекен бар.

    9 января 2026 13:06, Profit.kz
    Рубрики: Qazaq IT

    Президенттің азаматтардың цифрлық қызметтерге тең қолжетімділігін қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын орындау шеңберінде таяудағы екі жылда 3 мыңнан астам ауыл интернетке талшықты-оптикалық байланыс желілері арқылы қосылатын болады. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары — жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді.

    Бүгінгі таңда Қазақстанда 6 мыңнан астам ауылдық елді мекен бар. Оның ішінде 3 мыңнан астам ауыл осы жылы және келесі жылы талшықты-оптикалық байланыс арқылы жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етіледі.

    Осылайша, халықтың 99%-ы жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізеді. Оны жүзеге асыру үшін жергілікті атқарушы органдар жер учаскелерін бөлуге толық жәрдем көрсетуі қажет. Сондай-ақ әкімдіктерге өз өңірлерінде интернет сапасын мемлекеттік бақылауға және айыппұл салуға өкілеттіктер берілген.

    Ауылдарға интернет тартумен қатар, ауылдағы әрбір үйге талшықты-оптикалық желісін салу жұмыстары жүргізілуде. Бұл «Соңғы миль» жобасы деп аталады. Осы жоба аясында 400 мыңға дейін үй шаруашылығына оптика құрылысы көзделіп отыр. Қосымша 2,5 млн адам қамтылады. Әкімдіктерден оптикалық кабельді ілу үшін электрмен жабдықтау тіректеріне қолжетімділікті ұйымдастыру талап етіледі. 5G желісі облыстық және республикалық маңызы бар 20 қалада қолжетімді. Осы қалалар аумағының 75%-на дейін қамту үшін жаңа 5G базалық стансаларын орнату жұмыстары жалғастырылатын болады. Әкімдіктер тиісті байланыс инфрақұрылымын орнату мүмкіндіктерін кеңейту үшін мобильді операторларға толық қолдау көрсетуі тиіс. Автожолдарды мобильді байланыспен қамту бойынша жоба іске қосылды. Бұл республикалық және облыстық маңызы бар 40 мың шақырым жолды құрайды. Жобаны алдағы екі жылда аяқтау жоспарлануда. Әкімдіктерден жер учаскелерін жедел бөлу және электр энергиясына қосылуға техникалық жағдай жасау талап етіледі. Шалғайдағы елді мекендерді интернетпен қамтамасыз ету мәселесі спутниктік байланыс жобалары арқылы шешіледі.

    Қазіргі таңда Қазақстанда үш спутниктік интернет операторы жұмыс істейді. Жақын арада тағы екі шетелдік компания нарыққа қосылады. Олар бойынша пилоттық сынақтан өткізуді ағымдағы жылы жүргізу жоспарлануда. Сондай-ақ осы жылы Қазақстан темір жолы пойыздары мен Air Astana ұшақтарында спутниктік интернет іске қосылады. Байланыс жоқ жерде әкімдіктерден жергілікті бюджет қаражаты есебінен туристік және жетуі қиын жерлерде спутниктік интернетті қамтамасыз етуді талап етеді. Қазақстан Еуропа мен Азия арасындағы стратегиялық мәртебеге ие және халықаралық интернет-трафик транзитінде маңызды рөл атқарады. Транзиттік әлеуетті арттыру мақсатында Каспий теңізінің түбінен Әзірбайжан Республикасына дейін оптикалық кабель құрылысын іске асыру басталды. Жобаны осы жылдың соңында аяқтау жоспарлануда.

    Қазақстанда әлемдік деңгейдегі деректерді өңдеу орталықтарының белсенді құрылысы байқалады. Олар ақауларға төзімділіктің жоғары деңгейіне ие. Олардың ішінде Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі іске қосқан мемлекеттік органдарға арналған деректерді өңдеу орталығы бар. Биыл жоғары сенімділікті ескере отырып, орталық мемлекеттік органдар ақпараттық жүйелердің жаңа деректерді өңдеу орталығына көшуін қамтамасыз етуі қажет. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне отандық спутниктер шығаратын кешен тиесілі. Осы кәсіпорынның қуатын жүктеу бойынша белсенді жұмыс басталды. Алдағы жылдары онда кемінде 5-6 Жерді қашықтықтан зондтау спутнигі шығарылатын болады. Оның ішінде экспорт $75 млн сомасын құрайтын болады. Бұл Қазақстан тарихындағы тұңғыш рет орындалатын жоба. Және де елдің аса маңызды технологиялық экспорты.

    «Өткен жылы елдің киберқауіпсіздігін күшейту бойынша бірқатар маңызды шаралар қабылданды. Бірінші басшылардың жауапкершілігі енгізілді. Азаматтардың дербес деректерін қорғауға қойылатын талаптар күшейтілді. 1 млн-нан астам адам кибергигиена бойынша оқытудан өтті. Мемлекеттік органдардың тексерудің бұрын соңды болмаған ең көп үлесі орындалды. Тексеру нәтижелері бойынша біз маңызды қорытындыға келдік. Мемлекеттік органдар мен ұйымдар ақпараттық қауіпсіздіктің заңнамалық белгіленген талаптарын жиі бұзатыны байқалады. Осыған байланысты орталық мемлекеттік органдар мен әкімдіктер жүйелердің ақпараттық қауіпсіздігіне және азаматтардың дербес деректерінің сақталуына қойылатын талаптардың сақталуын бақылауды күшейтуі қажет. Мемлекеттік органдарға ескерткім келеді — барлық талаптар заңнамамен белгіленген. Соңғы жылдары IT-нарық кірістерінің күрт өсуі байқалды. Өткен жылы ол 2 трлн теңгені құрады деп болжануда. IT-қызметтерінің экспорты да қарқынды дамып келеді. 2025 жылы $1 млрд-қа жетеді деп күтеміз. Мемлекет басшысы бұл көрсеткішке 2026 жылы қол жеткізу міндетін қойды», — деп атап өтті Жаслан Мәдиев.

    IT-саласы еліміздегі ең жоғары жалақы төленетін салалардың бірі болып саналады. Ресми статистикаға сәйкес, IT мамандарының жалақысы елдегі орташа жалақы деңгейінен екі есеге жоғары. Astana Hub ІТ-саласының негізгі экожүйесі. Astana Hub қатысушыларының саны өткен жылы 2000-ға дейін өсті. Олардың ішінде 25%-ға жуығы шетелдік компаниялар болып саналады. Бұл еліміздің халықаралық бәсекеге қабілеттілігінің көрсеткіші. Astana Hub стартаптары мен IT компаниялары қазірдің өзінде 30 мыңнан астам жұмыс орнын ашты. Ал экономикаға салынған инвестиция сомасы $900 млн-нан асты. Astana Hub инфрақұрылымы мен озық тәжірибесі дамыған елдерде ауқымын кеңейтіп келеді. Қазақстан венчурлық мәмілелер бойынша өңірдегі көшбасшы болып саналады. Еліміз барлық мәмілелердің шамамен 75% үлесіне ие. Алайда, елдегі венчурлық операциялардың 90%-ы стартаптардың алғашқы кезеңдеріне бағытталған. Жүргізілген зерттеуге сәйкес 2 мыңға жуық американдық компаниялардың, олардың жартысына бірегей компания мәртебесіне жету үшін 3-тен 6-ға дейін қаржыландыру раунды қажет болған. Осыған байланысты өткен жылы өңірде $1 млрд құрайтын мақсатты капиталы бар қорлардың алғашқы венчурлік қоры құрылды. Осы қорға салынған инвестициялар қазірдің өзінде $115 млн-ды құрады. Енді қазақстандық стартаптардың $1 млн, тіпті $10 млн инвестиция алуға мүмкіндігі бар.

    Криптоиндустрияны дамытуға Үкімет пен Ұлттық Банк тарапынан көбірек көңіл бөлінуде. Қазірдің өзінде цифрлық активтер саласындағы заңнаманы жетілдіру бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді. Ел аумағындағы криптовалюта айналымын заңдастыруға және цифрлық майнинг индустриясына инвестициялар тартуға бағытталған түзетулер қабылданды. Биыл осы инновациялық салада нақты жобаларды жүзеге асыру жоспарлануда. Мемлекеттік ақпараттық жүйелердің QazTech бірыңғай цифрлық платформасына кезең-кезеңімен көшуі басталды. Мемлекет басшысының Жарлығымен ағымдағы жылдан бастап платформадан тыс ақпараттық жүйелерді әзірлеуге тыйым салынды. Бұл ақпараттық жүйелердің қауіпсіз режимде іске қосылуын жеделдетуге және олардың интеграциялануын жеңілдетуге мүмкіндік береді.

    «Біз орталық мемлекеттік органдар мен әкімдіктерге ақпараттық жүйелердің QazTech платформасына көшуге дайындығына техникалық аудит жүргізуді тапсырдық. Биылғы жылы бұл мәселеге көбірек көңіл бөлінетін болады. Мемлекеттің цифрлық трансформациясының негізгі басымдықтарының бірі мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді ыңғайлы және қолжетімді алуды қамтамасыз ету болып саналады. Бүгінгі таңда мемлекеттік қызметтердің 91%-ы eGov арқылы онлайн режимде қол жетімді. 14 млн азамат жүйеде тіркелген және мемлекеттік қызметтерді алу орындарына тіптен келмейді. Сондықтан одан да ыңғайлы пайдалану үшін біз еGOV қосымшасын едәуір жаңарттық және азаматтарға арналған АІ-ассистентті енгіздік. Осы жылы eGov QazTech көмегімен жаңа архитектурада құрастырлатын болады», — деп атап өтті Жаслан Мәдиев.

    Мемлекеттік қолдаудың атаулылығын, ашықтығын және тиімділігін арттыру мақсатында eGov-та «Әлеуметтік әмиян» сервисі іске қосылды. Бұл мектеп оқушыларына ыстық тамақ ұсынудың және барлық мемлекеттік дәріханалар арқылы дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етудің ашық механизмін қамтамасыз етті. Бұл құрал мемлекеттік қолдау шараларының атаулылығы есебінен миллиардтаған бюджет қаражатын үнемдейді. Биыл әлеуметтік әмиян 10 мемлекеттік қолдау шарасына ауқымын кеңейтетін болады. Жыл ішінде азаматтар Халыққа қызмет көрсету орталықтарына шамамен 15 млн рет барады. Бұл трафиктің 80%-ы топ-10 мемлекеттік көрсетілетін қызметтен тұрады. Өткен жылы біз аталған көрсетілетін қызметтерді толық цифрландыруды бастадық. Олардың кейбіреулері баламасыз онлайн форматқа ауыстырылды. Халыққа қызмет көрсету орталықтарына барудың едәуір төмендеуі байқалады. Осыған байланысты бұл орталықтар Apple Store-ға ұқсас Халықтың цифрлық кеңселері болып қайта құрылатын болады. Азаматтар өзіне-өзі қызмет көрсету арқылы қызмет алады. Барлық әкімдіктерге тиісті жарақтандыруды қамтамасыз етуді тапсыруды сұраймыз. Халықтың жайлы Цифрлық кеңсесі азаматтар арналған әкімдіктің визит карточкасы болып саналады.

    Осы жылы цифрландыру есебінен бизнесті жүргізу үшін жағдайларды жеңілдетуге ерекше көңіл бөлінетін болады. Өткен жылы біз ыңғайлы eGov Вusiness платформасын іске қостық. 20 мыңнан астам кәсіпкерге онлайн форматта 5 млн-ға жуық қызмет көрсетілді. Платформа арқылы бизнесті толығымен онлайн ашуға, лицензия алуға, құжаттарға электрондық қол қоюға және тағы басқалар болады. Биыл Атамекен ҰКП-мен бірлесіп біз еGOV Business-ке әкімдіктер мен табиғи монополиялар субъектілерінің қызметтерін, мемлекеттік қолдау шараларын қосамыз және тәуекелдерді басқару жүйесін жетілдіреміз. Жасанды интеллектті дамыту азаматтар мен бизнеске арналған мемлекеттік қызмет көрсету тәсілдерін айтарлықтай жеңілдетеді.

    Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі бір платформада, яғни басынан нәтижеге дейін толық циклді қызметтерді алу үшін AlemGPT мультиагентті платформасын әзірледі және қазірдің өзінде сынақтан өткізілуде. Болашақта AlemGPT барлық қызметтер бойынша толыққанды ЖИ-көмекші болады. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мемлекеттік қызметкер үшін қауіпсіз цифрлық жұмыс орнын құру бойынша жұмыс жүргізуде. Аталған жұмыс ортасы күнделікті қызметтік жұмыс үшін, оның ішінде Қазақстаннан тыс жерлерде толыққанды қашықтан жұмыс істеу үшін барлық негізгі құралдарға ие болады. Бұл мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттырады.

    Экономика салаларын цифрландыру үшін нақты бастамалары, KPI және мемлекеттік органдар үшін мерзімдері бар негізгі құжаттар бекітілді. Бұл жұмыс үш жылдық кезеңге арналған және әзірленіп жатқан Digital Qazaqstan ұлттық стратегиясының негізін құрайды. Осы жылға арналған орталық мемлекеттік органдардың негізгі міндеттері деректермен сапалы жұмыс жасау, мемлекеттік функцияларды қайта құру, жасанды интеллект, IoT-технологиялар, цифрлық егіздер мен дрондарды енгізу болып саналады. Бұған дейін де әкімдіктердің байланыс инфрақұрылымы мен халықтың цифрлық кеңселері бойынша міндеттері айтылған.

    «Сонымен қатар әкімдіктерге TUMO және Tomorrow School сияқты білім беру бастамаларының жиынтығымен Astana Hub үлгісі бойынша өңірлік IT-хабтардың алаңын едәуір ұлғайтуды және дамытуды тапсыруды сұраймыз. Бұл орталықтар технологиялық ұлтты құру жолында жас ұрпақтар тартылатын білім ошағы болады. Жасанды интеллект саласында елімізде бірқатар маңызды бастамалар жүзеге асырылды. Әлемдегі ең қуатты жүз суперкомпьютерге қатарына енген екі суперкомпьютер іске қосылды. Қазір бұл есептеу қуатын стартаптар, университеттер, мемлекеттік органдар, банктер және ұлттық компаниялар пайдаланады. Біз әлемдік деңгейдегі AI-Хаб салуды жалғастырамыз. Ұлттық суперкомпьютер отандық ЖИ-модельдерін жасауға мүмкіндік береді. Оларды азаматтар мен мемлекеттік органдар сервисті жақсарту және күнделікті процестерді автоматтандыру үшін белсенді қолданады. Жасанды интеллект арналған деректер жиынтығын құрылымдау бойынша мемлекеттік органдар үшін әдіснамалық база құрылды. Бұл деректер ашық көздерде жарияланады. Қазақстан ҚР Президенті жанындағы Жасанды интеллектті дамыту жөніндегі кеңесте жұмыс істеу үшін үздік сарапшылар мен ғалымдарды тартты. Кеңес мүшелері Қазақстанда енгізілетін стратегиялық бастамалар мен білім беру бағдарламаларын әзірлеуге қатысады. Үкімет „AI-қозғалыс“ бастамасын жүзеге асыруды жалғастыруда», — деп атап өтті Жаслан Мәдиев.

    Оның аясында 1 млн-ға жуық адам жасанды интеллектпен жұмыс істеудің негізгі дағдыларына оқытылды. Біз мұндай міндетті бес жылдық перспективаға қойдық. Сондай-ақ, MIT, OpenAI және Perplexity сияқты халықаралық мекемелермен серіктестік дамуда. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша AI-университет тұжырымдамасы әзірленді. Өткен жылы Digital Bridge форумы аясында alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығының ашылуы өтті.

    Alem.ai экономика салаларында отандық ЖИ-шешімдерді құруға және енгізуге бағытталған таланттарды, зерттеушілерді, кәсіпкерлер мен мемлекеттік қызметшілерді біріктіретін платформаға айналады. Қазіргі таңда Аlem.ai орталығының білім беру бағдарламаларына белсенді қабылдау жүріп жатыр. Әлемдік IT-компаниялар мен отандық стартаптардың кеңселері орналасуда. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің барлық қызметі бойынша цифрлық заңнаманы жаңарту жөніндегі жұмыстар жүргізілуде. Жасанды интеллект туралы Заңға Мемлекет басшысы қол қойды. Цифрлық кодексті қайта қарауға жіберілмей Парламент мақұлдады және Мемлекет басшысының қарауына жолданды. 2026 жылы Қазақстанда жасанды интеллект, киберқауіпсіздік, ғарыш және тағы басқалар бойынша бірқатар халықаралық IT-іс-шара өткізу жоспарлануда.

    Мемлекет басшысы биылғы жылды цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялады. Осыған байланысты тиісті іс-шаралар жоспары дайындалды. Жақын арада Үкіметтің қаулысымен бекітуге енгізілетін болады.

    Подписывайтесь на каналы Profit.kz в Facebook и Telegram.