«IT-Aiel» жобасы Қазақстаннан тыс елдерге шықты
Жобаға Өзбекстан, Түркия және Қырғызстаннан келген әйелдер қатысты.
2023 жылдан бері елімізде «IT-Aiel» жобасы іске асырылуда, ол халық арасында ерекше танымалдылыққа ие болды. Үш жыл ішінде Қазақстанның барлық өңірінен 23 мыңнан астам қыз бен әйел тегін оқудан өтті. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Азиза Шөжеева мәлімдеді.
Спикер «IT-Aiel» жобасы жаңа цифрлық мамандықтар мен технологиялық индустриялардың есігін ашатынын атап өтті. Бұл промт-инжиниринг, чат-бот жасаушы, ЖИ-графикалық дизайнер, бейнемонтажер, бағдарламалық жасақтама тестері, ноу-код және лоу-код бағдарламалау сияқты мамандықтар.
«IT-Aiel» жобасының арқасында көптеген әйел жұмысқа орналасуға және өз ісін бастауға мүмкіндік алды. Жобаның географиясы да кеңейді. Егер бұрын жобаға Астана, Алматы және Қарағанды қалаларынан әйелдер қатысса, биыл Батыс Қазақстан, Алматы облыстарынан әйелдер белсенділік танытты. Қатысушылардың 70%-дан астамы 36 мен 45 жас аралығында болды. Олар — декреттік демалыста отырған, уақытша жұмысынан айырылған әйелдер. Жобаның әрбір үшінші қатысушысы үй шаруасымен айналысқан немесе уақытша табысы ғана болғандар. Қатысушылардың шамамен 19%-ы 45 жастан асқан. Яғни, бұл әйелдер жаңа цифрлық құзыреттерді алу және экономикалық қызметін жалғастыру, белсенді жұмыс істеу және ақша табу қажет екенін түсінетін зейнеткерлік жасқа дейінгі адамдар. Бұл бізді қатты қуантады», — деп атап өтті Азиза Шөжеева.
Биыл жоба Қазақстанның шекарасынан асты. 78 қатысушы — Өзбекстан, Түркия және Қырғызстандағы қандас әйелдер. Олар әлеуметтік желілер арқылы жоба туралы біліп, тіркеліп, оқуларын бастады.
«TechnoWomen ұйымы „Отандастар“ қорымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Келесі жылы біз жобаның географиясын одан әрі кеңейтпекшіміз. Айта кетерлігі, жоба түрлі сарапшылар, жаттықтырушылар мен тәлімгерлердің назарын аударды. IT-Aiel білім мен цифрлық дағдылармен алмасу алаңына айналды. Оқыту онлайн режимінде өтті. Әр әйелдің өзі оқу бағдарламасын жоспарлаған. Тек уақытылы желіге шығып, барлық воркшопқа белсенді қатысу қажет», — деп толықтырды спикер.