Следите за новостями

Цифра дня

23 тыс. девушек и женщин со всех регионов РК прошло обучение по IT-Aiel

    Автожолдарда қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін Қазақстанда ЖИ технологиялары қолданылмақ

    Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха Үкімет отырысында жол қозғалысы мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша елімізде жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.

    16 сентября 2025 14:37, Profit.kz
    Рубрики: Qazaq IT

    Ол полиция қызметкерлері жыл сайын 13 млн жол қозғалысы ережесін бұзу дерегінің жолын кесетінін атап өтті. Жол-көлік оқиғаларының 90%-ы жүргізушілердің кінәсінен орын алады. ІІМ бұл бағытта көп жұмыс атқаруда. Атап айтқанда, жолдарда бақылауды күшейтіп, апаттарды талдау нәтижесіне қарай патруль жасау маршруттарын оңтайландырды, полицияның күш-құралдарын барынша тарта отырып, «Қауіпсіз жол», «Автобус» жедел профилактикалық іс-шараларын үнемі жүргізіп отыр.

    Ведомствоның мәліметінше, биыл ауыр зардаптарға әкеп соқтыруы мүмкін жол қозғалысы ережесін бұзу деректері 20%-ға, қарсы жолаққа шығып кету фактілері 16%-ға көбейгені анықталып, 16,6 мың мас жүргізуші ұсталған.

    Жолдардағы тәртіпті қамтамасыз ету үшін дрондардың көмегімен жол қозғалысын бақылау енгізілді. Олар ереже бұзудың 3,6 мың дерегін анықтаған, оның ішінде қарсы жолаққа шығудың 1 мың, қауіп тудырып басып озудың 300 фактісі бар.

    Сондай-ақ республикада автоматты камералар желісі кеңейтілуде, олардың саны 25 мыңға жетті. Патрульдік автокөліктерге радарлар орнатылуда, «жасырын» патрульдеу әдісі қолданылуда. Сонымен қатар, Көлік министрлігімен бірлесіп республикалық маңызы бар жолдарда орташа жылдамдықтың сақталуына автоматты бақылау енгізу жөнінде іс-шаралар жүзеге асырылуда.

    Орташа жылдамдықты бақылау шараларымен жалпы ұзындығы 1,9 мың шақырымға жуық 8 автожол қамтылған, ол жерлерде ЖКО-да қаза тапқандар саны 11%-ға азайып отыр. Жалпы ұзындығы 1 мың шақырымнан асатын тағы 10 учаскеде орташа жылдамдықты бақылау тетігін енгізу жоспарлануда.

    Қасақана құқық бұзатындармен күресу үшін барлық цифрлық шешімдер мен камералар «ТОР» платформасына біріктірілген, олар кешенді түрде келесідей жұмыстарды атқарады: көлік қозғалысын қадағалайды; іздеуде жүрген автокөлікті анықтайды (маркасы, моделі және түсі бойынша); ережені өрескел бұзып айдайтын «қауіпті жүргізушілерді» іздейді; 8 сағаттан астам тоқтамай көлік айдаған «қалжыраған жүргізушілерді» қадағалайды.

    Сонымен бірге республикада патрульдік және қызметтік автокөлік штаттарының тапшылығы байқалып отырғаны айтылды. Бұл шолу аумағының қысқаруына және заң бұзушыларды анықтауға әсер етеді.

    Жүргізушілерді даярлау сапасы жөнінде де мәселе қозғалды. Былтыр өз бетінше оқу алынып тасталды. Барлық автомектептер есепке алынды. Бас прокуратурамен бірлесіп осындай оқу орындарына тексеріс жүргізілуде.

    Игорь Лепеха Ішкі істер министрлігі білім беру нысандарының маңына жол инфрақұрылымдарын орнату жұмыстарын ерекше бақылауда ұстап отырғанын атап өтті. Мектептердің жанында 54 жаяу жүргіншілер бағдаршамы, 1 мыңнан астам жасанды кедергі, 8 мыңға жуық жол белгісі мен ақпараттық панно, 180 шақырым қоршау орнатылып, 248 автотұрақ салынған.

    «Алайда, республика бойынша әлі де 70 реттелетін жаяу жүргіншілер бағдаршамы, 350-ге жуық жасанды кедергі және 400 жол белгісі қажет», — деді Игорь Лепеха.

    Ведомствоның мәліметінше, елімізде автокөліктер санының өсуімен қатар ескіруі де байқалып отыр, бұл жол бойындағы апаттардың жиілеуіне де әсер етеді. Бүгінгі таңда республикадағы автомобильдердің 50%-дан астамы — зауыттан шыққанына 20 жылдан асқан көліктер. Сонымен қатар олардың техникалық жағдайын тексеру сапасына да қатысты сұрақтар бар. Бұл функция бәсекелес ортаға берілген. Сол себепті де автокөлікті техникалық байқаудан өткізетін стансаларға бақылауды күшейту ұсынылды.

    Жекеменшік автомобиль тасымалы саласы да қауіпсіз емес. Пайда табу үшін интернет-такси жүргізушілері ұйықтамай, дамылсыз жол бойында жүреді. Еңбек демалыстары, мерекелер маусымы басталғанда туындайтын рейстер жетіспеушілігі кезінде олар одан сайын сұранысқа ие бола түседі.

    Сондықтан да 2025 жылдан бастап интернет-агрегаторларға тасымалдау талатының сақталуына қадағалау жүргізу жүктелген болатын. Соған сәйкес олар: рульі оң жақтағы көліктерді; екі есікті автомобильдерді; жүргізуші куәлігі жоқ және тағы да басқа жүргізушілерді қызметке алмауы тиіс.

    Бұған дейін жолдардағы проблема мопедтер болды, олардың жүргізушілері жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзып, тротуарлармен жүріп, жаяу жүргіншілерге қауіп төндірді. Заңнамалық шаралар қабылданғаннан кейін ол ретке келді. Енді қазір электросамокаттар проблема тудыруда. Жыл басынан бері елімізде электросамокаттармен жасалатын 29 мыңға жуық жол қозғалысы ережесін бұзу оқиғасының жолы кесіліп, 8 мың электросамокат айып тұрағына қойылған. Осыған байланысты депутаттардың қарауында жатқан «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көліктің жаңа түрлерінің қозғалысын реттеу және жол жүрісінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы шеңберінде электросамокаттардың тротуармен жүруіне тыйым салу, кикшеринг қызметіне міндеттеме жүктеу қарастырылған, ал әкімдіктерге оларды пайдалану ережелерін қабылдау құқығын беру ұсынылуда.

    Вице-министр Президенттің жол қауіпсіздігін күшейту жөніндегі тапсырмалары аясында ІІМ бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыра беретіні атап өтті. Олар:

    — автомектептер жұмысына қатысты, электросамокаттар мен көліктерді пайдалану бойынша заңнаманы жетілдіру;
    — қауіпті жүргізушілер мен апат ошақтарын анықтау үшін жасанды интеллектіні енгізу;
    — автоматты камералар желісін және олар анықтайтын жол қозғалысы ережелерін бұзу түрлерінің аясын кеңейту;
    — жасырын патрульдеу мен дрондарды қолдану;
    — жолдардың жай-күйін қадағалауды күшейту, соның ішінде бұл жұмыстарға дрондарды тарту;
    — апатты жағдайлардың алдын алуға және білім беру мен ақпараттық науқандарды жүзеге асыруға қоғамды тарту;
    — ертерек алдын алу мақсатында ЖКО-ларды талдауды жетілдіру.

    Подписывайтесь на каналы Profit.kz в Facebook и Telegram.