Следите за новостями

Цифра дня

1,9 млн ИП и 584 тыс. юридических лиц — уже в базе ИС Smart Data Finance

    Төлем нарығына шолу: ұлттық төлем жүйелерімен жасалған транзакциялар 34%-ға өсті

    Ұлттық Банк 2025 жылғы I жартыжылдықтың қорытындысы бойынша төлем қызметтері нарығының даму нәтижелеріне аналитикалық шолу жариялады.

    7 октября 2025 08:05, Profit.kz
    Рубрики: Qazaq IT

    Шолуда Ұлттық Банктің төлем жүйелерінің, төлем карточкалары мен электрондық банк қызметтері нарығының, халықаралық ақша аударымдары жүйесінің жұмыс істеу нәтижелері қамтылған. Сонымен қатар, құжатта Қазақстан аумағындағы төлем ұйымдарының қызметі, қаржы нарығындағы қашықтан сәйкестендіру сервисі мен Ұлттық Банктің Антифрод-орталығы туралы ақпарат ұсынылып отыр.

    Талдау қорытындысы бойынша негізгі деген бірнеше тренд байқалады.

    Ұлттық Банктің төлем жүйелері арқылы жүргізілген операциялар өсу үрдісін сақтап келеді. Ұлттық төлем жүйелерімен жасалған транзакциялар (өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда) 34,3%-ға, көлемі — 9,2%-ға артты. Орташа есеппен бір операциялық күнде Ұлттық Банктің төлем жүйелері арқылы 6,3 трлн теңгеге операциялар орындалды.

    Төлем карточкалары мен электрондық банк қызметтері нарығында халық тарапынан интернет пен мобильді банкингті, әсіресе, тауарлар мен қызметтерге ақы төлеу үшін

    QR-код пайдалану тұрғысынан сұраныс тұрақты өсіп келе жатқаны байқалады. 10 транзакцияның 8-і банктердің онлайн сервистері арқылы жүргізілді.

    Бүгінде халықаралық ақша аударымдары жүйесi халық үшін шетелге ақша жiберу тұрғысынан да, сырттан қаражат алу жағынан да сұранысқа ие құралға айналып отыр. Шетелге жіберілген және шетелден алынған ақша аударымының орташа сомасы (соңғы үш жылда) тиісінше 12%-ға және 25%-ға ұлғайғаны байқалады.

    Төлем ұйымдары банктік сервистерге қосымша төлем қызметін ұсына отырып, өз инфрақұрылым аясын кеңейтіп жатыр. 2025 жылдың І жартыжылдығында төлем ұйымдарының сервисі арқылы айналым 4,6 трлн теңге болды.

    Қаржы нарығында қашықтан сәйкестендіру сервисі (СДАО) маңызды тетік саналады. Ол қаржы ұйымдары қашықтан қызмет көрсеткен кезде клиенттерді сәйкестендіру ісін қамтамасыз етеді. I жартыжылдықта СДАО сервисі арқылы биометриялық сәйкестендіру бойынша 23,5 млн операция жүргізілді.

    Антифрод-орталық та (2024 жылғы шілдеде іске қосылды) өзінің қажеттілігін көрсетті. Өз қызметінде ол қаржы ұйымдарына 2,5 млрд теңгеден астам сомаға алаяқтық операцияларды дер кезінде бұғаттауға мүмкіндік берді.

    Подписывайтесь на каналы Profit.kz в Facebook и Telegram.