Ерлан Ақкенженов Masdar компаниясының басшысымен Жамбыл облысындағы қуаты 1 ГВт жел электр станциясының мегажобасын талқылады
Ерлан Ақкенженов бұл жобаны іске асыруға министрліктің жан-жақты қолдау көрсетіп жатқанын жеткізді.
Kazakhstan Energy Week 2025 аясында ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Abu Dhabi Future Energy Company (Masdar) компаниясының бас атқарушы директоры Мұхаммед Жәмил әл-Рамахимен келіссөздер жүргізді. Министр форумға қатысқаны үшін Masdar басшысына алғыс айтып, компанияның Қазақстан үшін жаңартылатын энергия көздерін дамыту саласында стратегиялық әріптес екенін атап өтті.
Кездесуде ерекше назар баламалы энергия саласындағы ірі жобалардың бірі — Жамбыл облысында қуаты 1 ГВт жел электр станциясын салу мәселесіне аударылды. Ерлан Ақкенженов бұл жобаны іске асыруға министрліктің жан-жақты қолдау көрсетіп жатқанын жеткізді.
«Біз Masdar компаниясымен ынтымақтастыққа басымдық береміз. Үкіметаралық келісімге қол қойылуы және оның кейінгі ратификациясы біздің жобаны жедел іске қосуға және тұрақты жұмыс істеуіне дайын екенімізді айқын көрсетеді. Үкімет сенімді құқықтық базаны құру жөніндегі өз міндеттемелерін орындады, енді станцияның белгіленген мерзімде іске қосылуы үшін жергілікті деңгейде барлық қажетті қолдау көрсетілетін болады», — деді Ерлан Ақкенженов.
Сондай-ақ ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов IRENA Бас директоры Франческо Ла Камерамен екіжақты кездесу өткізді. Тараптар үш негізгі бағыттағы ынтымақтастықты талқылады: энергия сақтау жүйелерін енгізу, жасыл сутегіні дамыту және APRECA бастамасы аясындағы өңірлік кооперация.
Министр Қазақстанның баламалы энергияны ауқымды түрде енгізу үшін жағдай жасауға белсенді жұмыс істеп жатқанын және IRENA-мен өзара іс-қимылдың зор әлеуетін көріп отырғанын атап өтті.