Следите за новостями

Цифра дня

21 млрд тг вложат в строительство ветровой электростанции в ЗКО

    Ербол Тұяқбаев пен Сурья Дева әлеуметтік саланы цифрландыру жағдайында азаматтардың құқықтарын сақтау мәселелерін талқылады

    Ербол Тұяқбаев БҰҰ өкілін Қазақстан Үкіметі тарапынан әлеуметтік қолдаудың ашық әрі тиімді экожүйесін қалыптастыру бағытында қабылданып жатқан жүйелі шаралармен таныстырды.

    15 мая 2026 10:02, Profit.kz
    Рубрики: Qazaq IT

    Астанада ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаевтың БҰҰ-ның даму құқығы жөніндегі Арнайы баяндамашысы Сурья Девамен кездесуі өтті. Оның барысында тараптар цифрлық трансформацияның азаматтардың әлеуметтік құқықтарын қамтамасыз етуге және Қазақстандағы даму құқығын іске асыруға ықпалын талқылады.

    Талқылау барысында мемлекетке азаматтарға проактивті форматта көмек көрсетуге мүмкіндік беретін бірегей талдамалық құрал — Отбасының цифрлық картасының жұмысына ерекше назар аударылды. Әртүрлі мемлекеттік органдардың деректерін біріктіретін бұл жүйе үй шаруашылықтарының әл-ауқат деңгейін автоматты түрде бағалайды.

    «Біз үшін әлеуметтік саланы цифрландыру — ең алдымен азаматтардың құқықтарын қорғау тетігі. Бүгінде Отбасының цифрлық картасының арқасында мемлекет адамның қажеттілігін өзі жүгінбей тұрып-ақ анықтай алады. Әсіресе қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасыларды қолдауға басымдық беріліп отыр. Бұл даму құқығы қағидаттарымен тікелей үндеседі», — деді Ербол Тұяқбаев.

    Бірінші вице-министр сондай-ақ елдің барлық өңірінде әлеуметтік қолдау шараларына тең қолжетімділікті қамтамасыз ету мәселесіне тоқталды. Әділдік қағидатын сақтау мақсатында бұл шаралар біріздендіріліп, негізгі бағыттар бойынша жүйеленген. Ал Бірыңғай цифрлық платформа Қазақстанның барлық аумағында ортақ стандарттардың сақталуын және көмектің ашық бөлінуін қамтамасыз ететін технологиялық негізге айналды.

    Кездесу барысында атаулы әлеуметтік көмекті (АӘК) трансформациялау мәселелері де талқыланды. Бірінші вице-министр мемлекеттік саясаттың негізгі бағыты азаматтардың өзін-өзі қамтамасыз ету әлеуетін арттыруға бағытталғанын атап өтті.

    «Біз шартты әлеуметтік көмек моделіне кезең-кезеңімен көшіп жатырмыз. Еңбекке қабілетті азаматтар үшін АӘК енді жай ғана төлем емес, даму құралына айналуда. Оқыту, микронесиелеу және жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу арқылы біз отбасылардың мұқтаждық санатынан шығуына көмектесеміз. Басты мақсат — отбасының дағдарыс деңгейінен тұрақты әл-ауқат деңгейіне көшуіне жағдай жасау», — деп түсіндірді Бірінші вице-министр.

    Кездесу соңында тараптар әлеуметтік кепілдіктерді нығайтуға және әр азаматтың даму құқығын қамтамасыз етуге қызмет ететін цифрлық технологияларды енгізу бағытындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту маңызды екенін атап өтті. Ербол Тұяқбаев Қазақстанның БҰҰ ұсынымдары мен үздік халықаралық тәжірибелерге сәйкес ұлттық әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдіру жұмысын жалғастыруға дайын екенін растады.

    Подписывайтесь на каналы Profit.kz в Facebook и Telegram.