Тауарлардың цифрлық паспорты компаниялардың жұмысын тоқтатпайды – Сауда министрлігі
Цифрландыру бизнеске кедергі келтірмеу керек.
Бақылау мен кәсіпкерлерге арналған қолайлылық арасындағы теңгерімді сақтау маңызды. Сондықтан тауарлардың цифрлық паспорты компаниялардың жұмысын блокқа қоймай, операцияларға біртіндеп қосылып жатыр. Бұл туралы ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Әсет Нүсіпов мәлімдеді.
Сонымен қатар XTIN механизмі қарастырылған. Вице-министрдің айтуынша, егер тұрақты NTIN коды әлі берілмеген болса, уақытша XTIN кодын қолдануға болады.
«Біз талаптарды да қысқарттық. Қазір тауарды тіркеу үшін ЭЦҚ-сыз жеті бағанды толтыру жеткілікті. Бұған қоса, Қаржы министрлігі және „Атамекен“ ҰКП-мен меморандумға қол қойылды. Құжатта импорттаушылар мен отандық өндірушілер үшін мерзімді осы жылдың 1 наурызына дейін, ал сауда желілері үшін 1 сәуірге дейін деп белгіледік. Бұл мерзімдер өтіп кетті. Ал шағын және орта бизнес пен „үй жанындағы дүкендер“ үшін мерзім — 1 шілдеге дейін. Енгізіліп жатқан цифрлық шешімдер барлығына 1 шілдеге дейін дайындалуға мүмкіндік береді деп санаймыз. Осы жылы жүйені өнеркәсіптік пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз», — деді Әсет Нүсіпов.
Спикер түрлі сала өкілдерімен кездесулер өткізілгенін атап өтті. Өнеркәсіп, құрылыс, агроөнеркәсіптік кешен, өндіруші сектор және сауда желілеріндегі тауарлар бойынша мәселелер жеке пысықталды. Импорттаушылармен де кездесулер ұйымдастырылып, белсенді ақпараттық жұмыс жүргізілуде.
«Ұлттық тауарлар каталогын қолдану міндетті ме деген сұрақтар түсіп жатыр. Ол 1 қаңтардан бастап күшіне енді, сондықтан оны қолдану бәріне міндетті. Дегенмен, әр салада өзіндік ерекшеліктер бар. Сондай-ақ нақты бір өндірушінің немесе импорттаушының өнімі тауар болып санала ма, сериясы жоқ бірегей бұйымдарды қалай тіркеу керек деген сауалдар да қойылады. Осы сұрақтарға жүйелі жауап дайындау үшін арнайы жұмыс тобы құрылды. Оның құрамына мемлекеттік органдардың, каталог операторларының, „Атамекен“ ҰКП-ның, кәсіпкерлер мен салалық қауымдастықтардың өкілдері кірді. Бүгінгі таңда екі отырыс өткізілді», — деді вице-министр.
Ведомство түскен сұраныстарды қарап, алты бағыт бойынша шешім қабылдады: қоғамдық тамақтану, энергия ресурстары, қолөнер бұйымдары, полиграфия, тұрғын үй қоры және тіркеуге жатпайтын тауарлар. Тауарлардың мұндай түрлері үшін базалық карточка жасалады.
«Жалпы екі тәсіл қолданылады: кейбір тауар позициялары бойынша қосымша талқылауға уақыт береміз, ал басқалары бойынша базалық карточкалар қалыптастырамыз. Сондай-ақ, каталогта уақытша тіркемеу ұсынылатын тауар топтары анықталды. Олар: жедел-қызметтік жұмысқа арналған тауарлар, әскери өнімдер, транзиттік тауарлар, дипломатиялық миссиялар мен көрмелерге арналған тауарлар, сондай-ақ гуманитарлық көмек», — деп толықтырды спикер.
Сонымен қатар жүйе техникалық тұрғыдан жетілдіріліп, басқа ақпараттық жүйелермен интеграциялануда. Мысалы, техникалық реттеу жүйесі ҰТК-мен біріктірілген. Бұл тұтынушыларға өнімнің сапа талаптарына сәйкестігін, рұқсат құжаттарының мерзімі мен нөмірін тексеруге мүмкіндік береді.
Жиі қойылатын сұрақтарға жауап беретін Telegram-бот іске қосылды. Номенклатурасы кең (ондаған мың тауар) компаниялар үшін ашық API арқылы деректерді автоматты түрде беру мүмкіндігі жасалды. Өлшем бірліктері бағанына түзетулер енгізіліп, автотолтыру функциясы қосылды. Сондай-ақ СЭҚ (ТН ВЭД) кодтарын Excel арқылы жүктеу мүмкіндігі пайда болды және шетелдік пайдаланушыларға ыңғайлы болу үшін жүйе ағылшын тіліне аударылды.