Следите за новостями

Цифра дня

8 из 10 транзакций в 2025 г. совершено с использованием QR-кода, интернет и мобильного банкинга

    Энергетика секторын цифрландыру: күзгі-қысқы кезеңде апаттылық деңгейін 25%-ға дейін төмендету күтілуде

    ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында ҚР Энергетика вице-министрі Бақытжан Ілияс саланы цифрландыру бойынша іске асырылып жатқан жобалар туралы баяндады.

    22 апреля 2026 11:07, Profit.kz
    Рубрики: Qazaq IT

    Өткен жылы күзгі-қысқы кезеңге дайындық пен оны өткізу барысын мониторингтеуге арналған салалық сервис іске қосылды. Бұл сервис активтерді толық есепке алуды және бақылауды, объектілерді онлайн-мониторингтеуді және жөндеу жұмыстарын бірыңғай цифрлық ортада жоспарлауды қамтамасыз етеді.

    Сондай-ақ спикер жүйеде барлық объект, тораптар мен жабдықтардың цифрлық тізілімдері құрылғанын атап өтті. Сервис нақты уақыт режимінде генерация объектілерінің жұмыс режимдері туралы деректерді алады.

    «Келесі кезең — ақаулар журналдарын қағаз түрінен цифрлық тізілімдерге жаппай көшіру. Активтер бойынша верификацияланған деректерді жүктеу, жөндеу мерзімдерінің сақталуын тұрақты мониторингтеу және сервистің жұмысын жетілдіру бақылау сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Цифрлық сервисті енгізу күзгі-қысқы кезеңге дайындық мониторингінің жалпы мерзімін 90 күнге дейін қысқартады, ал осы кезеңдегі апаттылық тәуекелі 25%-ға дейін төмендейді деп күтілуде», — деді вице-министр.

    Келесі жоба — энергетика секторындағы онлайн-мониторинг. Атап айтқанда, «KEGOC» АҚ жүйесімен интеграция жүргізілді. Осылайша, субъектілерден нақты уақытқа жақын режимде деректерді автоматты түрде жинау қамтамасыз етіледі, ал техникалық көрсеткіштер 15 минуттық және сағаттық интервалдарда алынатын болады.

    «Осылайша, электр энергиясын коммерциялық есепке алу деректерін пайдалана отырып, энергетика секторының жай-күйін орталықтандырылған онлайн-мониторингке көшу қамтамасыз етіледі. Болашақта бұл жүйе жасанды интеллект элементтерімен жұмыс істейтін болады», — деп атап өтті Бақытжан Ілияс.

    Биыл станциялардың шекті тарифтерін бекітуге өтінімдерді беру және қарау бойынша цифрлық сервис те пайдалануға берілді. Бұл сервис қағаз құжат айналымын жояды, рәсімдердің ашықтығы мен басқарылуын арттырады, мерзімдер мен операциялық шығындарды қысқартады. Қазіргі кезеңде 63 субъект, 83 генерация объектісі қамтылған, 15 мыңнан астам құжат тапсырылған.

    «Электр энергиясын есепке алудың автоматтандырылған жүйесін енгізуге келетін болсақ, төмен және орта кернеулі желілерде қамту деңгейінің төмен екенін атап өтеміз. Осыған байланысты электр энергиясын интеллектуалды есепке алу жүйелерімен қамту үлесін арттыру жоспарланып отыр. Ұлттық жоба аясында төрт жыл ішінде электр жабдықтаушы 27 субъектіде 4 млн „ақылды“ есепке алу құралын қосымша орнату жоспарланған. Күтілетін тиімділік электр энергиясының нормативтік шығындарын қысқарту есебінен 57 млрд теңге көлемінде бағаланады», — деді вице-министр.

    Сонымен қатар Ұлттық жоба аясында жылу энергиясын есепке алудың автоматтандырылған жүйесін жаппай енгізу жоспарлануда. Жылумен жабдықтау объектілері мен ірі тұтынушылар қазірдің өзінде жабдықталған, алайда негізгі алшақтық магистральдық және тарату жылу желілерінде сақталып отыр. 52 субъект бойынша қажеттілік шамамен 30 мыңнан астам «ақылды» жылу энергиясын есепке алу құралдарын құрайды. Халықаралық тәжірибеге сәйкес кешенді есепке алу жылу энергиясын 15%-ға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді.

    Подписывайтесь на каналы Profit.kz в Facebook и Telegram.