Сенат депутаттары цифрлық теңге жобаларының іске асырылу барысымен танысты
Депутаттарға Ұлттық Банкте жасанды интеллект енгізу бойынша жобалар да ұсынылды.
ҚР Парламенті Сенатының Қаржы және бюджет комитеті депутаттары Ұлттық Банкте болып, ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымы аясында цифрлық теңге қолданылатын жобалардың іске асырылу барысымен танысты. Ұлттық Банк мемлекеттік қаржы саласында цифрлық теңге пайдаланылатын бастамаларды таныстырып, 2025 жылғы пилоттық жобаларды қорытындылады, сондай-ақ цифрлық теңгені 2026 жылы қолдануға қатысты жаңа сценарийлерді енгізіп, оларды масштабтау жоспарын ортаға салды. Кездесу аясында цифрлық теңге платформасында операциялар да көрсетілді.
Ұлттық Банк Төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов «таңбалау» (бағдарламалану) функциясы цифрлық теңгені қаржы ағындарының ашықтығын арттыру құралы ретінде пайдалануға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Кездесуге қатысушылар 2026 жылғы қаңтарда қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын реттеу және дамыту, Байланыс және банкроттық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң аясында ұлттық валютаның жаңа цифрлық нысаны ретінде цифрлық теңгені бекіту маңыздылығын атап өтті.
Депутаттарға Ұлттық Банкте жасанды интеллект енгізу бойынша жобалар да ұсынылды. Олар қызметкерлердің негізгі цифрлық қолдауынан (AI көмекшілері) аналитикалық, зерттеу және қадағалау процестеріне дейінгі көптеген бағыттарды қамтиды. Ұлттық Банк жасанды интеллект монетарлық реттеушінің болашақ деректерді басқару моделінің инфрақұрылымдық элементі ретінде қарастырылатынын атап өтті.
Сенаттың Қаржы және бюджет комитеті төрағасы Сұлтанбек Мәкежанов Ұлттық Банк жүргізіп жатқан жұмыстың өзектілігін және қаржы ағындарының қауіпсіздігі мен ашықтығын арттыру, сондай-ақ дербес төлем кеңістігін дамытудағы цифрлық теңгенің маңыздылығына тоқталды.