Следите за новостями

Цифра дня

300 сельских населенных пунктов обеспечили спутниковым интернетом в 2025 г.

    Қазақстандық ғалымдардың әзірлемесі — оңалту экзоскелеті — нарыққа шығады

    Ол Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының оң қорытындысынан кейін тіркеу куәлігін алды.

    10 февраля 2026 11:05, Profit.kz
    Рубрики: Qazaq IT

    Nazarbayev University-нің ғалымдары әзірлеген Astana Gait Exoskeleton Assisted Rehabilitation (A.GEAR) инновациялық медициналық экзоскелеті мемлекеттік тіркеудің барлық кезеңінен ресми түрде өтіп, жаппай өндіріске дайын болды. Құрылғы инсульттен кейінгі науқастарды және тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдарды оңалтуға арналған. A.GEAR — клиникалық қолдануға толық дайын отандық жоғары технологиялы медициналық құрылғылардың санаулысының бірі. Оның құны шетелдік баламалардан бірнеше есе төмен. Бұл Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесі үшін озық оңалту технологияларын қолжетімді етіп, қымбат импортқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді.

    «Әлемде ғылыми идеядан бастап медициналық құрылғыны тәжірибеге енгізуге дейінгі жол әдетте 10–15 жылға созылады. Біз бұл кезеңнен небәрі төрт жылда — зертханадан сертификатталған медициналық өнімге дейін — өте алдық», — деді жоба жетекшісі, NU профессоры Прашант Джамвал.

    Оның айтуынша, экзоскелет импорттық оңалту роботтарын алмастырып, бюджет қаражатын миллиондаған доллар көлемінде үнемдеуге және еліміздің барлық өңіріндегі пациенттердің заманауи қалпына келтіру әдістеріне қолжетімділігін кеңейтуге мүмкіндік береді.

    Экзоскелетті әзірлеу 2021 жылдың соңында NU жанындағы Медициналық робототехника зерттеулерін өткізетін құзырет орталығында (CEMRR) басталды. Жобаны коммерцияландыруды NU түлегі Шыңғыс Дәулетбаев басқаратын Robotics and Artificial Intelligence ЖШС жүзеге асырады.

    Nazarbayev University президенті, профессор Вакар Ахмад жобаның маңыздылығын атап өтті: «Университет ғалымдарының әлемдегі ең үздік зерттеушілердің 2%-ына кіруі біз үшін үлкен мақтаныш. Олардың әзірлемелері Қазақстанның дамуына ғана емес, медицина мен технология саласындағы жаһандық прогреске де үлес қосады».

    A.GEAR клиникалық сынақтары Қарағанды мен Астана қалаларының медициналық ұйымдарында инсульттен кейінгі пациенттердің және балалар церебралды сал ауруы диагнозы қойылған жасөспірімдердің қатысуымен жүргізілді. Техникалық және клиникалық сынақтар сәтті аяқталып, тіркеу куәлігі алынғаннан кейін жоба командасы «СК-Фармация» ЖШС-мен ұзақ мерзімді келісімшарт жасауға дайындықты және дистрибьютор іздеуді бастады.

    2026 жылы Nazarbayev University Технопаркі базасында ТОО Robotics and Artificial Intelligence кемінде бес экзоскелет өндіру жоспарлап отыр. Кейін медициналық ұйымдарға жеткізу көлемін ұлғайтып, қымбатырақ импорттық жабдықты кезең-кезеңімен алмастыру көзделген.

    Подписывайтесь на каналы Profit.kz в Facebook и Telegram.