Следите за новостями

Цифра дня

300 сельских населенных пунктов обеспечили спутниковым интернетом в 2025 г.

    Мемлекет басшысының Пәкістанға сапары аясында $189,8 млн сомасына 32 коммерциялық құжатқа қол қойылды

    Құжаттар қаржы, логистика, өнеркәсіп, энергетика, агроөнеркәсіп кешені, цифрлық сервистер және инфрақұрылым салаларындағы қазақстан-пәкістан ынтымақтастығын кеңейтуге бағытталған.

    6 февраля 2026 13:06, Profit.kz
    Рубрики: Qazaq IT

    Сапар аясындағы ең ірі өнеркәсіптік келісім Қазақстанның Falcon EuroBus ЖШС мен Пәкістанның QCC International компаниясы арасында жасалды. Құжат Пәкістанға отандық электробустарды жеткізуді көздейді, келісімнің жалпы сомасы $108 млн. Бұл жоба қазақстандық машина жасау саласын ілгерілету және Made in Kazakhstan бренді позициясын халықаралық нарықта нығайту тұрғысынан стратегиялық маңызға ие.

    Маңызды келісімдер блогы бірлескен инвестициялау тетіктерін іске қосуға және қаржылық инфрақұрылымды кеңейтуге бағытталған. Атап айтқанда, «Самұрық-Қазына» АҚ мен Fauji компаниялар тобы Қазақстан мен Пәкістанда жобаларды іріктеу және іске асыру үшін бірлескен инвестициялық платформа құру туралы уағдаласты. Сонымен қатар «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі Habib Bank Limited-пен өзара іс-қимыл арқылы жобалық және сауда қаржыландыру саласындағы серіктестік мүмкіндіктерін кеңейтуде, ал көлік-логистикалық бағытта TCS Private Limited компаниясымен ынтымақтастық орнатылды.

    Бұдан бөлек, Freedom Holding Corp. және «Фридом Банк Қазақстан» АҚ пәкістандық серіктестермен бірқатар келісімдерге қол қойды. Атап айтқанда, Meezan Bank Limited-пен корреспонденттік қатынастарды және халықаралық есеп айырысуларды дамыту туралы $20 млн сомасына келісім жасалды, сондай-ақ трансшекаралық қаржылық және цифрлық сервистерді дамытуға бағытталған уағдаластықтарға қол жеткізілді.

    Келісімдердің елеулі бөлігі көлік-логистикалық секторға тиесілі. «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ мен National Logistics Corporation мультимодальды тасымалдар мен транзит саласындағы ынтымақтастық жөнінде уағдаласты. АҚ «QazPost» Pakistan Post және TCS Private Limited компанияларымен пошта-логистикалық инфрақұрылымды дамыту және цифрлық шешімдерді енгізу жөнінде меморандумдарға қол қойды.

    Сонымен қатар өнеркәсіп саласында KazFoodProducts пен Almoiz Group арасында Жетісу облысында қант өндіретін бірлескен кәсіпорын құру туралы $20 млн инвестиция көлеміндегі келісім жасалды. Kusto Group пен QazTrade құрылыс материалдарын өндіруді дамыту бойынша $20 млн сомасына меморандумға қол қойды.

    Химия және қайта өңдеу өнеркәсібінде BARK Qazaqstan ЖШС мен Пәкістанның салалық құрылымдары арасында келісімдер жасалды, сондай-ақ NorSon Chemical Industries және «Байқоңыр» ӘКК Қызылорда облысында химиялық өндіріс іске қосу туралы меморандумға қол қойды.

    Жеке блок цифрлық сервистер, IT және телекоммуникация салаларын қамтиды. Astana Hub пен IGNITE Pakistan стартап-экожүйелерді дамыту бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, ал QazCode пен Jazz Pakistan телекоммуникация саласындағы өзара іс-қимыл жөнінде уағдаласты. Бұдан бөлек, цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект, сондай-ақ төлем сервистерін интеграциялау бағытында келісімдер жасалды.

    Білім беру және денсаулық сақтау салаларында Астана медицина университеті мен Maroof International Hospital, сондай-ақ iTech KZ және Gift University арасында ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған меморандумдар қабылданды.

    Ғарыш саласында «Қазақстан Ғарыш Сапары» АҚ мен SUPARCO ғылыми-техникалық ынтымақтастық және спутниктік деректер алмасу туралы келісімге келді.

    Сонымен қатар Отбасы банк пен Meezan Bank Limited арасында исламдық қаржыландыру саласындағы келісімдерге, сондай-ақ агроөнеркәсіп секторын дамыту және екі елдің сауда-өнеркәсіп ұйымдары арасындағы іскерлік байланыстарды кеңейтуге бағытталған меморандумдарға қол қойылды.

    Құжаттарға қол қою «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ қолдауымен жүзеге асырылды. Компания Қазақстан мен Пәкістанның мемлекеттік органдары мен бизнес-қауымдастықтары арасындағы өзара іс-қимылды үйлестіруді қамтамасыз етті.

    Подписывайтесь на каналы Profit.kz в Facebook и Telegram.