Қазақстанда ЖИ-шешімдерді өндірістік процестерге белсенді енгізуде
Цифрлық даму деңгейін арттыру мақсатында бағалау методикасы бекітілді.
«Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов Үкімет отырысында цифрлық шешімдерді енгізу және қор жұмысында жасанды интеллект технологияларын қолдану бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Қор компанияларының өндірістік процестеріне жасанды интеллект шешімдерін енгізу бойынша Жол картасы қабылданды. Цифрлық даму деңгейін арттыру мақсатында бағалау методикасы бекітілді. Қор тобында 239 мың қызметкер жасанды интеллект негіздері бойынша білім алды.
«Қор SKAI — Samruk-Kazyna Artificial Intelligence атты бірыңғай корпоративтік жасанды интеллект экожүйесін дамытуда. SKAI модульдерінің бірі — SKAI Data платформасы. Ол өндірістік және қаржылық көрсеткіштермен нақты уақыт режимінде жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта бұл платформаға ҚазМұнайГаз, QazaqGaz, KEGOC, Самрық-Энерго қосылған. Ал 2026 жылы қордың қалған компанияларын қосу жоспарланып отыр», — деді «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов.
Жасанды интеллект ассистенттері негізгі 7 бағытта енгізіліп жатыр. Атап айтқанда:
— персоналды басқару (HR)
— сатып алу қызметі
— қаржы
— инвестициялар
— әлеуметтік саясат
— өндірістік қауіпсіздік
— құқықтық сүйемелдеу.
Барлық агенттер бір SKAI ассистентіне біріктіріледі. Ол «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін болады.
2025 жылы бұл сервистер Қордың корпоративтік орталығында жұмыс істей бастады. 2026 жылдан бастап олар қордың портфельдік компанияларында да іске қосылады. Бүгінгі таңда «Самұрық-Қазына» тобы жасанды интеллект қолданылатын 62 жобаны жүзеге асырып жатыр. Бұл жобалардың негізгі мақсаты — жасанды интеллектті өндірістік процестерге енгізу. Жобалардың экономикалық әсері бес жыл ішінде $1,3 млрд-тан асады деп болжанып отыр. Қор компанияларында 2026 жылға жасанды интеллект енгізу есебінен EBITDA көрсеткішін 5%-ға арттыру бойынша KPI бекітілді. Алдағы екі жылда басқарушылық шешімдердің 70%-ы жасанды интеллектінің қатысуымен қабылданатын болады.
Жасанды интеллектті өндіріске енгізудің нақты мысалдарына тоқталып өтейін. «ҚазМұнайГаз» компаниясында ABAI жобасы іске асырылып жатыр. Оның аясында жасанды интеллект сулануды басқару мәселелерін шешіп, қосымша мұнай өндіру үшін қабаттардағы қысымды ұстап тұру бойынша ұсыныстар береді. Болжам бойынша, жобаның 2025–2030 жылдары экономикалық әсері шамамен 326 млрд теңге болады. Сондай-ақ мұнай өнімдерінің тапшылығы мен профицитін болжауға арналған жасанды интеллект моделі енгізілуде. Бұл шешім балансты дәл есептеуді және өңірлерге өнімді тұрақты жеткізуді қамтамасыз етеді. Шешімнен күтілетін экономикалық әсер — 22,5 млрд теңге. Энергетика секторында нысандардың дефектілерін алдын ала анықтауға арналған предиктивті жүйелер енгізілуде. Бұл жобаның болжанған экономикалық әсері — шамамен 36 млрд теңге.
Сонымен қатар жеке метеоқызметтің негізінде жаңартылатын энергия көздерінің генерациясын болжауға арналған жасанды интеллект жүйесі енгізілуде. «Самұрық-Қазына» қорының жасанды интеллект жобалары Al FARABIUM суперкомпьютерінде жабық контурда жүзеге асырылуда. «Қазақтелекомның» инфрақұрылымы өңірдегі ең дамыған жүйелердің бірі. Әлемдік суперкомпьютерлер рейтингісінің топ-200 тізіміне еніп, 103-орында тұр. Қазіргі уақытта есептеу қуаттарының 25%-ын «Самұрық-Қазына» тобы пайдаланадs, ал қалған 75%-ы коммерциялық тұтынушыларға, оның ішінде шетелге де, жалға беріледі. Бұл — платформаның жоғары сұраныста екенін, сенімді және тиімді екенін растайды.