TUMO Astana: Қазақстанда жасөспірімдерге жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды тегін үйрететін орталық ашылады
Өтінімді дәл қазір мына сілтеме арқылы беруге болады.
Астанада Қазақстандағы алғашқы креативті технологиялар орталығы — TUMO Astana өз жұмысын бастайды. Бұл орталықта 12–18 жас аралығындағы жасөспірімдер жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды тегін меңгереді. Айта кетерлігі, жеткіншектер оқуға түсу үшін емтихан тапсырмайды және жарысқа түспейді.
TUMO Astana alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығында орналасып, әлемнің ондаған елінде жұмыс істеп тұрған TUMO жаһандық желісінің бір бөлігіне айналады. TUMO — жасөспірімдерге арналған инновациялық білім беру бағдарламасы, ол технологиялық бейресми білім берудің ең тиімді модельдерінің бірі ретінде халықаралық деңгейде мойындалған.
TUMO Astana орталығында жасөспірімдер 11 бағыт бойынша тегін білім алады. Олардың қатарында генеративті жасанды интеллект, робототехника, бағдарламалау, графикалық дизайн, анимация, киноөндіріс, цифрлық музыка, 3D-модельдеу, веб-әзірлеу, ойын жасау және моушн-графика бар. Оқыту офлайн форматта, тәжірибеге сүйеніп ұйымдастырылады. Қатысушылар нақты жобалармен жұмыс істейді, оқу қарқынын өздігінше айқындап, тәлімгерлердің қолдауына ие болады. Бұл модельдің тиімділігі Dalberg консалтингтік компаниясының халықаралық зерттеуі де дәлелдеген.
Техникалық дағдылармен қатар, TUMO командалық жұмыс, бастамашылдық, эмпатия, коммуникация және уақытты басқару сияқты әмбебап құзыреттерді дамытады. Білім беру жеке оқу траекториясына негізделген TUMO Path жүйесі арқылы жүзеге асады, сондай-ақ әр елден келген сарапшылар қатысатын практикалық воркшоптар мен зертханаларды қамтиды.
Жобаны Alem.ai Foundation қоры — Astana Hub-тың еншілес ұйымы іске асырады. Қор Қазақстанда технологияны игерген креативті таланттардың жаңа буынын қалыптастыруды көздейді.
«Біз елорда жасөспірімдеріне іріктеу мен емтихансыз өз дағдыларын шыңдауға болатын алаң ұсынғымыз келеді. Ол үшін технологияға деген сүйіспеншілік пен қызығушылық болса жеткілікті. TUMO тәжірибе жасауға, қателесуге, жаңа дүниелерді жасауға және дара жолды табуға мүмкіндік береді», — деді Alem.ai Foundation қорының бас директоры Адина Маратовна.
TUMO Astana-ға қабылдау ашық форматта жүргізіледі. Мұнда емтихан, тестілеу және байқау жоқ. Бағдарлама технологиямен енді танысып жүрген жасөспірімдерге де, өз дағдыларын жүйелі түрде дамытып, жеке цифрлық портфолио қалыптастыруды көздейтін қатысушылар үшін де қызықты болатыны сөзсіз.