ҚҰБ Басқармасы ақша нарығы, цифрлық активтер мен Ұлттық қор активтерін басқару мәселелерін қарады
Ұлттық Банк ҚҰБ Басқарма мүшелерінің кезекті отырысы өткенін хабарлайды.
Жиында ақша және валюта нарығындағы ахуал туралы, сондай-ақ цифрлық активтер саласындағы пилоттық жобалар қалай іске асырылып жатқаны туралы баяндамалар тыңдалды.
Ұлттық Банктің реттеуші алаңы аясында инновациялық сервистерді іске асыруға түскен өтінімдерден Басқарма үш бағыт бойынша мына бес пилоттық жобаны қосымша мақұлдады: цифрлық активтер биржасын ұйымдастыру, цифрлық активтер бойынша брокерлік қызмет көрсету, ақшаға байланған цифрлық активтерді шығару мен олардың айналымы.
Басқарма мүшелері 2025 жылғы үшінші тоқсандағы Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын сенімгерлік басқару нәтижесі туралы есепті бекітті. 3-тоқсанда Ұлттық қордың валюта активтері 2,5 млрд АҚШ долларына өсіп, 62,7 млрд АҚШ долларына жетті. Активтердің өсуіне шамамен 2,6 млрд АҚШ долларындай инвестициялық табыс ықпал етті. Сонымен қатар, 3-тоқсанда Ұлттық қорға түскен түсім 1,03 трлн теңгеге (оның 837 млрд теңгесі немесе 1,55 млрд АҚШ доллары — шетел валютасында) жетті. Ал Ұлттық қордан алынған кепілді және мақсатты трансферттер — (-)1,07 трлн теңге (трансфертке қаражат бөлу үшін Ұлттық қордан (-)1,6 млрд АҚШ доллары сатылды).
Жыл басынан бері Ұлттық қордың валюта активтері 3,9 млрд АҚШ долларына өсті. 2025 жылғы 9 айдағы инвестициялық табыс шамамен 7,1 млрд АҚШ доллары немесе 12,3% болды.
Қаржы ұйымдарының есеп беруіне қатысты нормативтік құқықтық актілерді оңтайландыру мақсатында Басқарма банкке жатпайтын қаржы ұйымдарының пруденциялық нормативтерді орындауы жөнінде, сондай-ақ микрокаржы қызметін жүзеге асыратын ұйымдар мен кредит бюроларының есеп беру қағидаларына енгізілген өзгерістерді бекітті.