eGov Mobile қосымшасында үйде білім алатын мүгедектігі бар балалардың оқу шығындарын өтеу қызметі қолжетімді болды
Төлем оқу процесін қамтамасыз етуге байланысты шығындардың бір бөлігін өтеуге бағытталған.
Қазақстандықтар «Ерекше білім беруді қажет ететін балаларды үйде оқытуға жұмсалған шығындарды өтеу» қызметін eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы рәсімдей алады. Қызмет ата-аналарға баласын білім беру ұйымына бара алмайтын жағдайда үйде оқыту үшін қосымша әлеуметтік көмек алуға өтінішті қашықтан беру мүмкіндігін береді. Өтемақы жеке оқу жоспарына және баланың үйде оқытылатынын растайтын білім беру ұйымының анықтамасына негізделіп төленеді. Төлем оқу процесін қамтамасыз етуге байланысты шығындардың бір бөлігін өтеуге бағытталған.
Өтемақы өтініш берген айдан бастап анықтамада көрсетілген мерзім аяқталғанға дейін тағайындалады. Төлем мерзімнің аяқталуына немесе баланың білім беру түрінің өзгеруіне байланысты тоқтатылады.
Үйде жеке оқу жоспары бойынша оқытылатын ерекше білім беруді қажет ететін балалардың оқу шығындарын өтеу мөлшері жергілікті өкілді органдардың (мәслихаттардың) шешімімен белгіленеді.
Балаға белгіленген мүгедектік мерзімі аяқталған соң куәландыруды қайта өткізіп, өтінішті қайта рәсімдеу қажет.
Қызметке онлайн өтінішті eGov.kz электрондық үкімет порталында да, сондай-ақ офлайн түрде халыққа қызмет көрсету орталығында да беруге болады. 2025 жылдың басынан бері электрондық үкімет порталы арқылы бұл қызметті алуға 8 мыңнан астам өтініш қабылданды.
Қызмет Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер комитеті, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бірлесуімен жүзеге асырылды.