Қазақстанда азаматтарды тұрғылықты жері бойынша тіркеу тәртібі өзгеріп жатыр
2025 жылғы 24 қарашадан бастап азаматтарды тұрғылықты жері бойынша тіркеу рәсіміне енгізілген өзгерістер күшіне енеді.
Қызмет тек онлайн форматта — eGov.kz электрондық үкімет порталы немесе eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы көрсетіледі. Тұрғылықты жері бойынша онлайн-тіркеуден өту үшін пайдаланушыға электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) және оның жеке кабинетіне тіркелген телефон нөмірі (МАБ) қажет. Процедура толық автоматтандырылған және онлайн түрде жүзеге асырылады, бұл қызмет алу уақытын айтарлықтай қысқартады. Сондай-ақ азаматтар бұл қызметті Халыққа қызмет көрсету орталықтарының өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарында онлайн рәсімдей алады.
Онлайн форматқа көшу оң статистикамен расталып отыр. 2025 жылдың басынан бері Қазақстанда тұрғылықты жері бойынша онлайн-тіркеу қызметін шамамен 750 мың адам пайдаланды, бұл көрсетілетін қызметтердің жалпы санының 70 пайыздан астамын құрайды.