Следите за новостями

Цифра дня

Более 1 трлн тг. — объем оказанных услуг связи в РК в январе-сентябре 2025 г.

    Kazakh Invest және VinGroup электр көліктері мен «жасыл» мобильдік саласындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады

    Қазақстанда VinGroup VinFast электр көліктерін пайдалану арқылы жолаушылар тасымалы қызметін іске қосу, электр көліктеріне арналған зарядтау станцияларының желісін құру, сондай-ақ сервистік және өндірістік қуаттарды жергіліктендіру мүмкіндіктерін қарастыруда.

    18 ноября 2025 13:05, Profit.kz
    Рубрики: Qazaq IT

    «Kazakh Invest» ұлттық компаниясы басқарма төрағасының орынбасары Мадияр Сұлтанбек Вьетнамның VinGroup SNG холдингінің делегациясымен кездесті. Делегация құрамына холдингтің еншілес компаниясы GSM (Green and Smart Mobility) өкілдері, соның ішінде бас директор Нгуен Ван Тханькірді. Келіссөз барысында тараптар электр көліктері, зарядтау инфрақұрылымы және тұрақты мобильдік саласындағы жобаларды Қазақстанда іске асыру перспективаларын, сондай-ақ GSM компаниясының аймақтық өкілдігін Алматы қаласында ашу мүмкіндігін талқылады. Аталған өкілдік компанияның ТМД кеңістігіндегі қызметін үйлестіру орталығы болмақ.

    VinGroup құрамындағы GSM компаниясы Оңтүстік-Шығыс Азиядағы ең ірі электр көлігі платформасы болып табылады. Xanh SM брендімен ол 12 миллионнан астам клиентке қызмет көрсетеді, шамамен 100 мың электр көлігін пайдаланады, Вьетнам такси нарығының 40% үлесіне ие және аймақ елдерінде өз қатысуын кеңейтуде. Қазақстанда VinGroup VinFast электр көліктерін пайдалану арқылы жолаушылар тасымалы қызметін іске қосу, электр көліктеріне арналған зарядтау станцияларының желісін құру, сондай-ақ сервистік және өндірістік қуаттарды жергіліктендіру мүмкіндіктерін қарастыруда. Бұдан бөлек, компания білім беру, медицина, девелопмент және смарт-қалалар инфрақұрылымын дамыту салаларындағы жобаларға қатысуға мүдделілік білдірді.

    Мадияр Сұлтанбек VinGroup бастамасы Қазақстанның «жасыл» экономика мен экологиялық көлік инфрақұрылымын дамыту стратегиясына сәйкес келетінін атап өтіп, KAZAKH INVEST компаниясының жобаларды жүзеге асырудың барлық кезеңдерінде кешенді қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді:

    «Электр көліктері мен зарядтау инфрақұрылымын дамыту — экономиканы экологиялық жаңғыртудың басты бағыттарының бірі. Біз VinGroup компаниясының технологияларды жергіліктендіруге деген қызығушылығын жоғары бағалаймыз және жобаны іске қосу мәселелерін жан-жақты пысықтауға дайынбыз», — деді ол.

    Кездесу қорытындысында тараптар жобалық бастамаларды бірлесіп әзірлеуді жалғастыруға және электрлік мобильдік, цифрлық технологиялар мен тұрақты даму салаларындағы нақты ынтымақтастық бағыттарын айқындауға уағдаласты.

    Подписывайтесь на каналы Profit.kz в Facebook и Telegram.