Сингапурлық компаниялар Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерімен танысты
Сингапур инновациялар мен жоғары технологиялар саласында Қазақстанның стратегиялық серіктесі болып табылады.
Қазақстан Республикасының Сингапур Республикасындағы Елшілігінің қолдауымен Астана халықаралық қаржы орталығы AIFC Connect: Singapore 2025 атты іскерлік іс-шара өткізді. Іс-шара Singapore FinTech Festival және Insights Forum (ұйымдастырушысы — Global Finance & Technology Network, GFTN) аясында өтті. Бастама BIG Invest инвестициялық платформасының және OD Consulting консалтингтік компаниясының қолдауымен ұйымдастырылып, Сингапурдың жетекші қаржы орталықтарының, инвестициялық және қаржы институттарының, банктердің, финтех-компаниялардың, сақтандыру ұйымдарының, бизнес-қоғамдастық пен дипломатиялық корпус өкілдерінің қатысуымен 150-ден астам қатысушыны жинады.

Қатысушылар қатарында АХҚО Әкімшілігі, BI Group South, Investbanq, GWM Capital Ltd., OD Consulting Ltd., сондай-ақ халықаралық серіктестер — Quest Ventures, Singapore FinTech Association, BigONE Exchange, Binance және Phillip Capital компанияларының өкілдері болды.
Іс-шара аясында қатысушылар Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерін, АХҚО-ның қаржы нарығын дамыту және шетелдік инвестицияларды тартудағы рөлін, сондай-ақ финтех, цифрлық активтер және инновациялық қаржы құралдары салаларындағы ынтымақтастықтың келешегін талқылады.
KAZAKH INVEST компаниясының Сингапурдағы өкілі Диана Аблякимова өз сөзінде Қазақстанның инвестициялық әлеуетін таныстырып, жобаларды іске асыру үшін қолайлы жағдайлар — мемлекеттік қолдау шаралары, салықтық жеңілдіктер және ЕАЭО, Орталық Азия мен Қытай нарықтарына қолжетімділік туралы атап өтті: «Сингапур инновациялар мен жоғары технологиялар саласында Қазақстанның стратегиялық серіктесі болып табылады. Біз сингапурлық компаниялардың инфрақұрылымдық және жоғары технологиялық өндірістерді дамытуға бағытталған жобаларға тұрақты қызығушылық танытып отырғанын байқаймыз. KAZAKH INVEST осындай бастамаларды іске асырудың барлық кезеңінде жан-жақты сүйемелдеу көрсетуге дайын».
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар диалогты жалғастыруға және өзара іс-қимылдың нақты бағыттарын пысықтауға ниетті екенін білдірді. Қатысушылар мұндай іс-шаралар екі ел арасындағы іскерлік байланыстарды тереңдетіп, қаржы және инвестиция саласындағы жаңа мүмкіндіктердің ашылуына ықпал ететінін атап өтті.