Жасанды интеллект министрлігі мен Palo Alto Networks киберқауіпсіздік саласында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды
Құжат Вашингтонда өткен C5+1 бизнес-конференциясының аясында рәсімделді.
Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі киберқауіпсіздік саласындағы жаһандық көшбасшы Palo Alto Networks компаниясымен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Стратегиялық әріптестікті орнатудағы маңызды қадам цифрлық инфрақұрылымды қорғау, жасанды интеллект технологияларын дамыту және киберқауіпсіздік саласы үшін кадрлар даярлау бойынша бірлескен жұмыстың жаңа мүмкіндіктерін ашады.
Меморандумның негізгі мақсаты — ақпаратты қорғауға қатысты жаһандық сын-қатерлер жағдайында киберқауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты дамыту. Келісім аясында Министрлік пен Palo Alto Networks озық технологиялармен, ең үздік тәжірибелермен және сараптамалық біліммен алмасып, Қазақстанның аса маңызды цифрлық активтерін қорғауды күшейтеді.
«Palo Alto Networks компаниясымен меморандумға қол қою Қазақстанға киберқауіпсіздіктің заманауи технологияларына, соның ішінде қауіптерді бақылау мен жедел әрекет етуге арналған жасанды интеллект құралдарына қол жеткізуге мүмкіндік береді. Келісім мамандарды даярлауға арналған білім беру бағдарламаларын енгізуге, бірлескен жобаларды дамытуға және елдің маңызды цифрлық инфрақұрылымын нығайтуға жағдай жасайды», — деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары, Жасанды интеллект министрі Жаслан Мәдиев.
«Қазақстанның Жасанды интеллект министрлігімен осы меморандумға қол қою елдің цифрлық қауіпсіздігін нығайтудағы маңызды қадам. Біз Қазақстанның маңызды цифрлық инфрақұрылымының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша Министрліктің күш-жігерін қолдауға дайынбыз», — деді Palo Alto Networks компаниясының мемлекеттік саясат және мемлекеттік органдармен өзара әрекеттесу жөніндегі вице-президенті Даниэль Кроузе.