Следите за новостями

Цифра дня

20,2 млн граждан РК – данные в Цифровой карте семьи

    Төтенше жағдайларға мониторинг жүргізу кезінде жасанды интеллект қолданылады

    Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жылу беру маусымындағы өрт қауіпсіздігі шаралары туралы мәселе қаралды.

    22 октября 2025 09:05, Profit.kz
    Рубрики: Qazaq IT

    Онда ТЖМ және өңірлердің басшылары атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Өз кезегінде Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов төтенше жағдайларға жедел ден қоюды арттыру жөнінде шаралар қабылдау жұмыстары туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, төтенше жағдайларға мониторинг жүргізіп отыру үшін жасанды интеллект арқылы талдау және геоақпараттық жүйелер енгізілген. Өрт қауіпті жағдайды бақылау мақсатында барлық өңірлерде бейнебақылау камералары іске қосылған.

    «Еліміздің барлық аймақтарында өрт сөндіру деполары мен құтқару станцияларын салу және оларды жаңарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Осы кезеңде 25 өрт сөндіру депосы мен құтқару станциялары салынып, 196 объекті қайта жаңғыртылды. Жыл соңына дейін тағы 23 өрт сөндіру бөлімінің құрылысын аяқтауды жоспарлап отырмыз. Төтенше жағдайлар кезінде халыққа кешенді көмек көрсету үшін өрт сөндірушілерден, құтқарушылар мен дәрігерлерден тұратын әмбебап бөлімшелер құрылды. Осындай 5 бөлімше Аршалы, Макинск, Майтөбе, Аққулы және Қарқаралы елді мекендерінде жұмыс істеп жатыр. Аталған жоба еліміздің барлық өңірлерінде іске қосылатын болады. Қосымша қаржыландыруды талап етпестен, бөлімшелердің материалдық-техникалық жабдықталуын айтарлықтай жетілдіріп жатырмыз. Барлығы 800 бірліктен астам техника мен 20 мыңнан астам жабдық сатып алынып, аудандық бөлімшелерге берілді», — деді ол.

    Оның айтуынша, министрліктің маңызды бағытты — ауылдағы құтқару қызметін дамыту. Биыл жергілікті атқарушы органдардың және бизнес қауымдастықтың қолдауымен «Ауыл құтқарушылары» ведомстволық бағдарламасы өз жұмысын бастаған. Соның аясында жыл басынан бері 82 өрт сөндіру пункті ашылыпты. Жыл аяқталғанға дейін тағы 67-сін ашу жоспарланып отыр. Министрліктің тарапынан оларға техника, киім-кешек пен байланыс құралдары беріліп, оқыту курстары ұйымдастырылды. Бүгінде шалғай ауылдарда министрліктің негізгі бөлімшелері келгенге дейін өртті жоюға көмек көрсететін мыңдаған еріктілер жұмыс тобы істейді. Мемлекет басшысы жоғары бағалаған олардың белсенділігі мен жергілікті жерлерде әрекет етуге дайындығының арқасында ауыл тұрғындарының қорғалу деңгейі күшейтілді.

    «Өткен жылмен салыстырғанда, „Ауыл құтқарушыларының“ атқарған жұмыстарының арқасында ауылдық жерлердегі өрт саны 25%-ға, адам өлімі 38%-ға азайды. Бұл тәжірибені жалғастыратын боламыз. Еліміз бойынша 6179 ауыл болса, осы жылдың соңына дейін „Ауыл құтқарушылары“ деполарының санын 150-ге көбейтеміз. Ал келесі жылы 700-ге дейін жеткіземіз деген жоспарымыз бар», — деді министр.

    Подписывайтесь на каналы Profit.kz в Facebook и Telegram.