Неміс компаниясы JUMO Қазақстан нарығына шығуды қарастыруда
JUMO – өнеркәсіптік датчиктер мен автоматтандыру саласындағы шешімдердің жетекші өндірушісі.
«KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ Басқарма Төрағасының міндетін атқарушы Айбол Арғынғазинов неміс компаниясы JUMO GmbH-ның бас операциялық директоры Стеффен Хосфельдпен кездесу өткізді. Кездесу барысында тараптар компанияның Қазақстан нарығына шығу перспективаларын және бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін талқылады.
JUMO — өнеркәсіптік датчиктер мен автоматтандыру саласындағы шешімдердің жетекші өндірушісі. Келіссөздер барысында компания негізгі өнімдерін — температура, қысым, деңгей, шығын және ылғалдылық датчиктерін, сондай-ақ сұйықтықтарды талдау, автоматтандыру және өнеркәсіптік мониторинг технологияларын ұсынды. Бұл шешімдер жылыту және ауаны баптау жүйелерінде, тамақ өнеркәсібінде, жаңартылатын энергетикада және су тазарту саласында қолданылады.
Компания Қазақстан нарығына шығуға қызығушылық білдіріп, Алматы қаласында коммерциялық кеңсе ашу, сату және сервистік қызмет көрсету желісін құру, сондай-ақ өнімді біртіндеп жергіліктендіру жоспарлары туралы хабарлады. Алдағы уақытта JUMO Қазақстанды Орталық Азияға, Кавказға және Моңғолияға экспорттау үшін база ретінде қарастыруда.
Кездесу барысында Айбол Арғынғазинов инвесторларды мемлекеттік қолдау шаралары мен Қазақстанда бизнес жүргізудің артықшылықтарын жан-жақты таныстырып, JUMO компаниясының жобаларына жан-жақты қолдау көрсетілетініне сендірді. Ол өндірісті жергіліктендіру мен сервистік инфрақұрылымды дамытудың жаңа жұмыс орындарын ашып, отандық өнеркәсіптегі технологиялық мәдениеттің өсуіне ықпал ететінін атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар JUMO компаниясының Қазақстан нарығына шығу тетіктерін бірлесе пысықтауды жалғастыруға уағдаласты. Серіктестік өндірістік мүмкіндіктерді кеңейтуге, жергілікті құзыреттердің дамуына серпін беруге және елдің өңірлік технологиялық тізбектерге ықпалдасуын нығайтуға мүмкіндік беретіні атап өтілді.