Қостанай облысында 1 гигаваттық жел электр станциясы салынады
Қостанайда вице-министр Құдайберген Арымбектің Қостанай облысы тұрғындарымен кездесуі өтті.
Ашық диалог барысында ол энергетика саласындағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттары, энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары, инфрақұрылымды жаңғырту және жаңартылатын энергия көздерін дамыту туралы айтып өтті, деп хабарлайды ҚР Энергетика министрлігі.
Кездесу барысында өңірде жүзеге асырылып жатқан және жоспарланған жобаларға ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, Қостанай облысында газдандыру жұмыстары жалғасуда — бүгінгі таңда өңірдің газдандыру деңгейі шамамен 60%-ды құрайды. 2025 жылы төрт жобаны іске асыруға 3,1 млрд теңге қарастырылған. Бұл шамамен 5,7 мың адамды қосымша табиғи газбен қамтуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, Қостанай, Рудный және Арқалық қалаларында жылу және электр желілерін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.
Өңірде жаңартылатын энергия көздерін дамыту да қолға алынған. Аукциондық сауда-саттық нәтижесі бойынша жалпы қуаты 250 МВт болатын төрт жоба жүзеге асырылады. Бұдан бөлек, қуаттылығы 1 ГВт болатын және энергияны жинақтау жүйесімен жабдықталған жел электр станциясын салу жобасы таңдалды. Жобаны 2028 жылы іске қосу жоспарланған.