Ғарыштық мониторинг, блокчейн және ЖИ: цифрлық технологиялар ауыл шаруашылығын қалай өзгертеді?
Премьер-министрдің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында егін жинау науқанының барысы қаралды.
Жиында Олжас Бектенов өзге де мәселелермен қатар ауылшаруашылық саласын цифрландыру жайына тоқталды. Климаттық тәуекелдерді болжау, өнімділік көлемін есептеу және нарықтық бағаларды бақылау кезінде цифрлық шешімдерді қолдану аясын кеңейту қажеттігін айтты. Сондай-ақ жасанды интеллектіні қолдану өнімді жинау, сақтау және техниканы басқару процестерін оңтайландыруға бағытталуы керек. Жалпы, цифрландыру азық-түлік қорларын дәл және уақтылы есепке алуды қамтамасыз етуі тиіс.
Өз кезегінде ҚР жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің өкілі Қаныш Төлеушин ауыл шаруашылығын цифрландыру саласындағы жаңашылдықтар туралы баяндады.
«Ауыл шаруашылығының ғарыштық мониторингі — жерді тиімді басқарудың маңызды құралдарының бірі. Бұл ауыл шаруашылығы алқаптарының жай-күйі туралы өзекті деректерді жинауға және бір негізге сүйенген шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді. Мәселен, 2018 жылдан бері „Қазақстан ғарыш Сапары“ АҚ ауыл шаруашылығының үш бағыты бойынша ғарыштық мониторинг жүргізіп келеді. Олар — өсімдік шаруашылығы, жайылымдық жерлер және жерді пайдалану бағыты. Нәтижесінде ішінде 400 мыңға жуық егістік алқаптар қамтылған ауыл шаруашылығының өзекті деректер базасы қалыптастырылды», — деді ол.
Бұдан басқа, бүгінгі күні «JerInSpectr» жер ресурстары мониторингінің ақпараттық жүйесі жұмыс істеп тұр. Мемлекеттік дерекқорлармен интеграцияланған бұл жүйе жерді пайдалану барысындағы заң бұзу фактілерін анықтап, тиісті шаралар қабылдауға арналған. Мұндағы ақпараттың ашықтығы мен сенімділігіне кепілдік беріледі. Цифрлық деректер базасы 117 млн гектар ауылшаруашылық жерлерін қамтиды.
«Біз экономиканың түрлі салаларын цифрлық трансформациялау бойынша қарқынды жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Соның ішінде ауылшаруышылығы да бар. Мәселен, 2024 жылдың соңында өсімдік шаруашылығы саласының бизнес-процестеріне, атап айтқанда астық қабылдау кәсіпорындарының қызметіне реинжиниринг жасадық. Онда 15 бизнес-процесс зерделеніп, қойма қызметіне лицензия алу және астық қолхаттарын беру үдерістері деректерді қолмен енгізу арқылы жүзеге асатыны, қағаз құжаттардың көптігі, өтінімдерді қарау мерзімдерінің ұзақтығы анықталды. Мемлекеттік дерекқорлармен арада интеграцияның болмауы, процесстердің автоматтандырылмауы тексерулерді қиындатып, айтарлықтай әкімшілік кедергілер тудырып келген. Реинжиниринг нәтижесінде біз процестерді цифрландыруды және ашықтықты қамтамасыз етуді ұсындық. Ол үшін деректерді автоматты түрде верификациялау функциясын енгізу, тексеру актілерін электронды нұсқада қалыптастыру, мемлекеттік ақпараттық жүйелермен интеграция жасау қажет. Бұл мұндағы қадамдар санын 71%-ға қысқартуға және әкімшілік жүктемені орта есеппен 65%-ға төмендетуге мүмкіндік береді. Сәйкесінше, қатысушыларға ыңғайлылық туып, астық нарығындағы операциялар ашық бола түседі», — дейді Қаныш Төлеушин.
Сондай-ақ Astana Hub экожүйесінде ауыл шаруашылығы саласындағы стартаптар қарқынды дамып келеді. Компаниялар агроөнеркәсіптік басқарудың бағдарламалық негізін, онлайн сақтандыру жүйелерін, фермерлерге арналған шешімдерді және әртүрлі қызметтерді әзірлеуде. 2024 жылдың қорытындысы бойынша компаниялар осы бағытта 961 млн теңгеден астам табыс тапқан, ал осы уақытқа дейінгі жиынтық табыс 3,8 млрд теңгеден асқан. Осының арқасында салада 100-ден астам жұмыс орны құрылды.
Әлемдік тәжірибе көрсететіндей, ауыл шаруашылығын цифрландырудың артықшылықтар өте көп. Мәселен, АҚШ-та дербес және роботты егін жинау жүйелері қолданылады. Автономды тракторлар үзіліссіз және тәулік бойы жұмыс істей алады. Канадада геоаналитика және GPS навигациялық жүйелері қолданылады, бұл маршруттарды автоматтандыру және оңтайландыру арқылы еңбек шығындарын 20-40%-ға төмендетуге мүмкіндік береді. IoT сенсорлары аяз, құрғақшылық сияқты және тағы басқа қауіптер туралы алдын ала хабарлап отырады.
«Blockchain технологиясын пайдалану фермерлерді қаржыландыруға кететін уақыт мен шығындарды азайтады, сонымен қатар алаяқтықтың төмендеуіне әсер етеді. Осыған байланысты, Қазақстанда агроөнеркәсіптік секторда блокчейн технологияларын пайдалану бойынша жұмыстар жүргізілуде. Нақты бір тауарды цифрлық токендерге айналдыру, яғни „токенизация“ жоспарлануда. Астық токенизациясы — бұл нақты астықты блокчейндегі цифрлық токенге аудару. Технология астықты есеп айырысу және сауда, несие алу, тәуекелдерді сақтандыру үшін пайдалануға болатын толыққанды қаржы құралына айналдырады. Астықты токенизациялау бойынша пилоттық жобаны Қостанай облысында сынақтан өткізу үшін іске қосу жоспарлануда. Пилоттық жоба сәтті жүзеге асқан жағдайда, салалық мемлекеттік органмен бірлесіп, жобаны ел бойынша кең ауқымда тарату жоспарлануда», — деді жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің өкілі.
Оның айтуынша, агроөнеркәсіптік кешендегі басым процестерді автоматтандыру үшін жасанды интеллекті агенттерін енгізу қарастырылуда екен. Осы мақсатта ауыл шаруашылығындағы болашақ жасанды интеллекті агентінің тұжырымдамалық бейнесі ұсынылып отыр. Ол мемлекеттік қолдау шаралары, субсидиялар, өтінім беру мерзімдері және қажетті құжаттар туралы өзекті ақпаратты беретін болады. Чатбот Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми деректеріне негізделеді және фермерлерге қажетті жауаптарын тез алуға көмектеседі.
Ауыл шаруашылығын одан әрі дамыту үшін автономды тракторлар мен комбайндарды, IoT, жасанды интеллект және Big Data-ны кеңінен қолдану, сондай-ақ мемлекет, бизнес және ғылым арасындағы ынтымақтастықты кеңейту қажет. Жалпы, ауыл шаруашылығын кешенді цифрландыру және заманауи технологияларды қолдану жерді тиімдірек пайдалануға және фермерлердің жұмысын жеңілдетуге көп сепік етеді.