Следите за новостями

Цифра дня

О покупках свыше 20 000 МРП банки будут передавать данные налоговой

    Smart Data Finance және бір шыныаяқ кофе: Қаржы министрлігінің жаңа цифрлық мүмкіндіктері таныстырылды

    Вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Қаржы министрлігінің ақпараттық жүйелері қызметімен және цифрлық трансформация жобаларымен танысты.

    22 сентября 2025 12:05, Profit.kz
    Рубрики: Qazaq IT

    Бүгінде Қаржы министрлігінің ақпараттық жүйелері салықтық және кедендік әкімшілендіруді, қазынашылықты, мемлекеттік сатып алуды, стратегиялық жоспарлау мен аудитті қамтиды. Оның ішіндегі негізгілері — Smart Data Finance, салықты автоматты түрде есептеуге арналған деректердің ауқымды базасы.

    SDF-те 1,9 млн жеке кәсіпкер, 584 мың заңды тұлға және 20,4 млн жеке тұлға туралы мәлімет бар. Мұнда салық төлеушінің цифрлық профилі қалыптастырылған, соның ішінде мүлік, жұмыс орны, салық төлеу, АӘК алушының мәртебесі туралы ақпараттар бар. Заңды тұлғаларда бұған қосымша еңбекақы төлеу қоры, қызметкерлер саны, салық есептілігінің және электрондық шот-фактуралардың тарихы есепке алынады.

    Бұл жүйе компаниялардың іскерлік белсенділігін талдауға және олардың иелерімен арасындағы байланысын 15 сатыға дейінгі еншілес ұйымдарымен қоса көруге мүмкіндік береді. Мәселен, тұсаукесерде бір құрылыс компаниясының салықты оңтайландыру үшін пайдаланатын ұсақтау схемасы көрсетілді.

    Сондай-ақ жиында букмекерлік кеңселер бойынша мәліметтерді талдау функционалы таныстырылды. Базада Қазақстанда жұмыс істеп тұрған барлық осындай кеңселердің дерегі бар. Жүйе онлайн режимде күн сайын қазақстандықтар тігетін ставкалардағы қаражат айналымын көруге мүмкіндік береді.

    Қаржы министрлігінің ақпараттық жүйесі дамығанының тағы бір көрсеткіші — Мемлекеттік қаржының цифрлық картасы немесе «бір шыныаяқ кофе» деп аталатын салық жүйесіне қосылған бақылау-касса машиналарының (БКМ) деректерін визуализациялау жобасы. Жоба БКМ арқылы тіркелген кез-келген сауда-саттықты сол бойда көрсетеді. Сатып алынған заттың сомасы, күні, уақыты мен орны, мейлі ол бір шыныаяқ кофе болсын, не супермаркеттен сатып алған тауар болсын, экранға шығады. Осындай ақпараттардың негізінде өңірлер бойынша да, әрбір салық төлеуші бойынша да кассалық тәртіп сараланады.

    Мемлекеттік қаржының цифрлық картасы өңірлердің нақты уақыттағы кірістері мен шығыстарын визуализациялауға көмектеседі. Жүйеде 1,1 млн БКМ бойынша деректер көрсетіледі. Бұл ретте салықтық әкімшілендірудің тиімділігін арттыру үшін Е-таңба, СӘИЖ, Кеden жүйелері іске қосылған.

    Е-таңба — ҚҚС балансын есептеуге және ҚҚС төлеушілерді ағымдағы тоқсандық баланс туралы онлайн хабардар етуге арналған жүйе. Негізгі міндеті — салықтарды оңтайландыру кезінде қолданылатын жалған мәмілелердің алдын алу.

    СӘИЖ — ескірген жеті шешімді бірыңғай платформаға біріктіретін және кәсіпкерлерге толық қолдау көрсететін салықтық әкімшілендірудің интеграцияланған жүйесі.

    Кеden — кедендік процестерді автоматтандырып, сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың қашықтықтан өзара әрекет етуін қамтамасыз етеді. Мұнда жасанды интеллект элементтері қолданылады.

    Жиында мемлекеттік жоспарлау жүйесіндегі бюджеттің шығыс бөлігі цифрландырылғаны айтылды. Онда барлық мемлекеттік органдар өтінімдерді онлайн жасақтап, коммерциялық ұсыныстар мен орындалған жұмыстар актілерін жүктейді. Бұл бюджет қаражатын жұмсаудың әрбір кезеңін — жоспарлау мен сатып алудан бастап, тиімділікті талдауға дейінгі процесстерді бақылауға мүмкіндік береді.

    Мемлекеттік қолдауды бақылау үшін алушыларға скоринг жүргізетін және шаралардың тиімділігін қадағалайтын BAQYLAUDA цифрлық сервисі енгізілген.

    Сондай-ақ жиында тауарлардың Ұлттық каталогы (өнімді сәйкестендіру және есепке алуға арналған бірыңғай база), Кәсіпкердің бірыңғай жеке кабинеті (бизнеске арналған «бір терезе» порталы) таныстырылды.

    Тұсаукесер қорытындысы бойынша Серік Жұманғарин бизнеске арналған жүйелердің қолайлылығын арттыру бойынша бірнеше ұсынымдар берді.

    Подписывайтесь на каналы Profit.kz в Facebook и Telegram.