Үкіметте жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру шаралары қаралды
Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру аясында жол қозғалысы мен жаяу жүргіншілер қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі қаралды.
Онда ішкі істер вице-министрі Игорь Лепеха мен Алматы, Маңғыстау, Жамбыл және Қарағанды облыстары әкімдерінің баяндамалары тыңдалды, деп хабарлайды Primeminister.kz.
Ішкі істер министрлігінің мәлімдеуінше, жыл басынан бері жол-көлік оқиғаларының саны 42%-ға, зардап шеккендер саны 52%-ға артқан. Сонымен қатар өлім-жітім санының 2%-ға төмендеуі байқалады. Жолдардағы жағдайды жақсарту үшін ведомство автомектептерді лицензиялауды енгізу, заңсыз тасымалдаушыларға қатысты шараларды күшейту, сондай-ақ жол инфрақұрылымын дамытуды ұсынады. Атап айтқанда, төрт немесе одан да көп жолақты жолдар салу, жаяу жүргіншілер өткелдерін, тротуарлар және жарықтандыру қондырғылары санын көбейту, сондай-ақ бейнетіркеу жүйелері желісін кеңейту қажет.
Олжас Бектенов бірнеше бағыт бойынша бірқатар тапсырма берді. Жол инфрақұрылымын дамыту бойынша Көлік министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, автомобиль жолдарын салу, күрделі жөндеу және күтіп ұстау кезінде жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарын күшейту тапсырылды. Сондай-ақ Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, құрылыс және жөндеу жұмыстары барысында стандарттардың қатаң сақталуына бақылауды қамтамасыз ету қажет. Премьер-министр барлық қауіпті жол учаскелеріне тексеру жүргізіп, шаралар қолдану қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар өңір әкімдіктеріне күре жолдардың маңында мал жаю мәселесі бойынша төрт түлік иелерімен түсіндіру жұмыстарын қамтамасыз ету тапсырылды.
Цифрландыру министрлігіне жолдарды мобильді байланыспен қамту қарқынын жеделдету тапсырылды. Бірқатар автожолда мобильді байланыс нашар, соның салдарынан жол апаттары кезінде зардап шеккендер көмек қызметтерін шақыра алмайды.
Басым шаралар қатарында жол ережесін бұзу фактілерін тіркейтін камералар мен республикалық маңызы бар жолдарда аппараттық-бағдарламалық кешендер санын арттыру, пилотсыз ұшу аппараттарын белсенді пайдалану, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер тарапынан ЖҚЕ бұзғаны үшін жауапкершілікті қатаңдату көрсетілген.
Премьер-министр Мемлекет басшысының электр мопедтері мен самокаттарды пайдалану барысына бақылауды күшейту қажеттігі жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру шеңберінде Ішкі істер министрлігіне заңнамаға тиісті түзетулер енгізуді жылдамдатуды тапсырды.
Сондай-ақ Үкімет ішкі істер министрлігі тарапынан айтылған ұсыныстарды қолдады.