Денсаулық сақтау министрлігі ЖИ қолдану арқылы медициналық көмектің сапасын басқару жүйесін енгізеді
ЖИ медициналық көмекке ақы төлеудің бірыңғай жүйесіне, лицензиялау мен аккредиттеуден кейін медициналық ұйымдардың жұмысына мониторингке біріктірілетін болады.
Үкімет отырысында Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмаларын іске асыру бойынша негізгі қадамдарды ұсынды. Денсаулық сақтау министрлігі медициналық инфрақұрылымды дамыту, фармацевтикалық өндірісті кеңейту, процестерді цифрландыру және дәрігерлерді әлеуметтік қолдау сияқты ауқымды қайта құруларды іске қосады, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.
Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде 655 медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысандарының 540-ы салынды. 2025 жылдың соңына дейін қалған 115 нысан іске қосылады. Барлық құрылыстар қаржыландырумен қамтамасыз етілген, ал аудандық ауруханаларды жаңарту 2026 жылы да жалғасады.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ведомство жасанды интеллект технологияларының негізінде медициналық көмектің сапасын басқару жүйесін енгізуді көздейтін кешенді жоспар әзірлейтін болады.
«ЖИ медициналық көмекке ақы төлеудің бірыңғай жүйесіне, лицензиялау мен аккредиттеуден кейін медициналық ұйымдардың жұмысына мониторингке біріктірілетін болады. Біз сондай-ақ медициналық қызметке лицензиялардың қолданылу мерзімін енгізуді пысықтап жатырмыз», — деп атап өтті Ақмарал Әлназарова.
Медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігіне ерекше назар аударылады. «Қазақтелекоммен» және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп 2100 жедел жәрдем бригадасы бейнежетондармен, ал 644 қабылдау стационары — бейнетіркегіштермен қамтамасыз етіледі.
Денсаулық сақтау министрлігі Президенттің тапсырмаларын жүйелі түрде жүзеге асырады: жаңа ауруханалар мен орталықтар салады, фармацевтиканы дамытады, цифрлық технологияларды енгізеді, дәрігерлердің мәртебесін көтереді және қорғайды. Бұл қадамдар денсаулық сақтау жүйесін нығайтады және республиканың әрбір тұрғыны үшін медициналық көмекті заманауи және қолжетімді етеді.