Следите за новостями

Цифра дня

132 млрд тг. — объем медиарынка РК, исторический максимум

    Тұрғын үйлерді пайдалануға беру бойынша рекордтық көрсеткіш, процестерді цифрландыру: құрылыс саласы бойынша Президент тапсырмалары қалай жүзеге асырылуда

    Бүгінде құрылыс саласының ел экономикасындағы үлесі ЖІӨ-нің 6%-ын құрайды.

    11 августа 2025 09:39, Profit.kz
    Рубрики: Qazaq IT

    Құрылыс саласының ішінде тұрғын үй құрылысы басты бағыттардың бірі болып қалып отыр. Бұл сектор соңғы алты жыл бойы тұрақты өсім көрсетіп келеді. Қазақстан жыл сайын құрылыс қарқынын арттыруда, бұл — жеке құрылыс компанияларының белсенділігі мен ынталандырушы мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесі.

    Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, 2019 жылдан 2024 жылға дейін 97,9 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Оның ішінде 39,3 млн шаршы метрі жеке тұрғын үй құрылысына (ЖТҚ), ал 58,6 млн шаршы метрі көппәтерлі тұрғын үйлерге (КТҮ) тиесілі.

    2024 жылы құрылыс-монтаж жұмыстарының нақты көлем индексі 9 трлн теңгені немесе 115,3%-ды құрады. Салада 53 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді, оның ішінде 2,9 мыңнан астамы құрылыс материалдарын өндіретін өндірістер. 2024 жылы 19,1 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, рекордтық көрсеткішке қол жеткізілді. Жалпы 173,9 мың тұрғын үй нысаны салынды, оның 38,9 мыңнан астамы жеке тұрғын үйлер.

    2025 жылдың бірінші жартыжылдығында құрылыс жұмыстарының көлемі 3,31 трлн теңгеге жетіп, былтырғымен салыстырғанда 18,4%-ға артты. 11 млн шаршы метрден астам жаңа нысан пайдалануға берілді, оның 7,9 млн шаршы метрі тұрғын үй, сондай-ақ 111 мектеп, 17 балабақша және 31 денсаулық сақтау нысаны қолданысқа берілді.

    Саланы дамытудың басым бағыттарының бірі — цифрлық шешімдерді енгізу. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі ашықтықты, бақылауды және тиімділікті арттыруға баса назар аудара отырып, нысандарды жобалаудан бастап іске қосуға дейінгі барлық кезеңдерді автоматтандыру бойынша кешенді шараларды жүзеге асыруда.

    Аса маңызды жаңашылдық ретінде қала құрылысы кадастрына құрылыстың бүкіл өмірлік циклін цифрлық форматта қадағалауға жол ашатын ЖСН-ға ұқсас нысанның бірегей нөмірін енгізу бастамасын айтуа болады. Бұл құжаттардың белгіленген мақсатқа сәйкестігін қай кезеңде де тікелей тексеруге мүмкіндік береді.

    Елді мекендердің 93%-ы аудан орталықтары деңгейіне дейін цифрландырылып, инженерлік желілерге ауқымды түгендеу жұмыстары жүргізілді. Қалалардың 89 бас жоспарының 85-і (96%) және 724 егжей-тегжейлі жоспарлау схемасының 618-і (83,7%) цифрлық форматқа көшірілді. Одан бөлек, әкімдіктер бас жоспармен 100% және аумақтарды егжей-тегжейлі жоспарлаумен 96,1% қамтамасыз етілді.

    Бастапқы рұқсат беру құжаттарын ұсыну, жобаларды келісу, техникалық шарттарды беру және жобалау құжаттамасына сараптама жасау процестері автоматтандырылды. 2024 жылдан бері EPSD порталында қала құрылысы кадастрының деректеріне негізделген бірыңғай сараптама жұмыс істеп тұр.

    Жобалау және сараптама кезеңдерін қамтитын «Ақпараттық модельдердің мемлекеттік банкі» жүйесі әзірленді, ол 2025 жылдың екінші жартыжылдығында ақпараттық қауіпсіздік бойынша сынақтан өткізіледі. Сондай-ақ жоспарлы тексерулер тетігі енгізілуде, онда тапсырыс берушілер тексеруге бекітілген кестеге сәйкес өз еркімен келіседі.

    E-Qurylys жүйесі аясында құрылысқа қатысушылардың барлықтарының жұмысы автоматтандырылған. Олар — тапсырыс берушілер, мердігерлер, техникалық және авторлық қадағалау қызметтері. Астанада нысандарды актіге қол қоюдан бастап пайдалануға беруге дейінгі цифрлық қабылдау бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылуда.

    Құрылыс алаңдарында нормалардың сақталуын бақылау күшейтілді: рұқсат беру тізілімі, нақты уақыт режимінде еңбек ресурстарын қадағалау жүйесі, заң бұзушылықтар анықталған жағдайда жұмысты тоқтатуға мүмкіндік беретін жедел әрекет ету механизмі іске қосылды.

    Құрылыс құнын негізсіз көтерумен күресу үшін онлайн-калькулятор, шығын индекстері және сметалық бағалардың прейскуранты енгізілді. 2024 жылдың қазан айынан бастап құрылыс сараптамасының экономикалық тиімділігі 3,4 трлн теңгені құрады, оның 2,4 трлн-ы 2025 жылдың алғашқы бес айына тиесілі.

    Үлескерлік құрылысқа қатысушылардың құқықтарын қорғауға және көлеңкелі схемалармен күресуге ерекше назар аударылған. Барлық реформалар мен цифрлық шешімдер жаңа Құрылыс кодексінде жүйеленген. Олар құрылыс саласын реттеудің заманауи тәсілдерін айқындап, қауіпсіз, тұрақты және осы заманға сай қалалық ортаны құруға бағытталған.

    Подписывайтесь на каналы Profit.kz в Facebook и Telegram.