Қазақстанда тұңғыш рет жол қауіпсіздігіне арналған мобильді зертхана жұмысын бастады
Қазақстанда алғаш рет жол қауіпсіздігін инспекциялауға арналған бірегей жылжымалы зертхана іске қосылды.
Бұл заманауи технологиялармен жабдықталған кешенді мобильді зертхананы «ҚазжолҒЗИ» АҚ енгізіп отыр. Ол еліміздегі жол жағдайын кешенді түрде бағалап, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға қабілетті құрал болып табылмақ.
Жаңа жылжымалы жол зертханасы (ЖЖЗ) арнайы цифрлық өлшеу құрылғылары, сенсорлар және техникалық параметрлерді талдау жүйесімен жабдықталған. Соның арқасында ЖЖЗ қауіпті учаскелерді жедел анықтап, оларды жою бойынша дәлелді ұсынымдар әзірлей алады.
«Бұл Қазақстандағы алғашқы осындай кешен. Ол жолдарды мүлде жаңа деңгейде: жылдам, нақты және цифрлық технологияларды қолдана отырып тексеруге мүмкіндік береді. Яғни, визуалды бақылаудан құралдық, объективті бағалауға көшу туралы айтып отырмыз», — деді «ҚазжолҒЗИ» АҚ-ның Автомобиль жолдарының нормативтік-техникалық қамтамасыз ету және қауіпсіздік департаментінің директоры Андрей Чжен.
Мобильді зертхана жол жабындысының жағдайын, оның ішінде бойлық еңістер мен жабындының ілінісу коэффициентін анықтауды, жол белгілері мен таңбаларын, жарықтандыруды, жол инфрақұрылымының геометриясын талдауды, GPS-координаттарға тіркелген цифрлық есептерді, ақауларды автоматты түрде тіркеуді және картографиялық талдауды жүргізе алады.
Бұл бастаманың ерекшелігі оның нақты практикалық бағыттылығында, зертхана тек техникалық құрал емес, жол қозғалысы қауіпсіздігін жүйелі түрде тексеруге арналған толыққанды аудит тетігіне айналады деп күтілуде. Бұл кездейсоқ тексерулерден тұрақты, ғылыми негізделген диагностикаға көшу, яғни жол-көлік оқиғаларына дейінгі кезеңде қауіптің алдын алуға мүмкіндік беретін сапалы жаңа кезең бастамасы болғалы тұр.
Аталған технология саланы цифрландыру мен көлік жобаларын ғылыми сүйемелдеу бағдарламасының бір бөлігі ретінде енгізілді. Алдағы уақытта зертхананы республикалық және өңірлік маңыздағы жолдарды, сондай-ақ жаңа нысандарды жобалау және қабылдау кезеңінде тұрақты тексеру үшін пайдалану жоспарлануда.
«Бұл жобадағы басты мән технологиялардың өзінде емес, көзқарастың өзгеруінде. Біз нақты өлшемдерге негізделген ұсыныстар арқылы жүйелі диагностика жайлы айтып отырмыз. Бұл жол қозғалысы қауіпсіздігін зияткерлік, ғылыми басқаруға көшу жолы», — деп атап өтті Андрей Чжен.
Қазақстандағы алғашқы мобильді зертхананың пайда болуы елімізді жол қауіпсіздігі цифрлық деректер мен автоматтандырылған тексерулер негізінде қамтамасыз етілетін алдыңғы қатарлы мемлекеттердің қатарына қоспақ. Болашақта бұл жолдардағы тәуекелдерді басқарудың бірыңғай базасын қалыптастыруға және интеллектуалды қауіпсіздік жүйелерін енгізуге жол ашпақ.