БҚДА мониторинг тобы Яндекс Таксидің баға құру аудиті қорытындысын талқылады
Еске сала кетейік, бұл аудиттен өту міндеттемесі антимонополиялық комплаенс аясында Яндекс Такси компаниясына жүктелген болатын.
Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінде такси шақыруға арналған аппараттық-бағдарламалық кешенді және (немесе) мобильді қосымшаны пайдалана отырып көрсетілетін такси қызметтері нарығын қадағалау жөніндегі мониторинг тобының кезекті отырысы өтті. Отырыста Агенттік, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, сондай-ақ сарапшылардың қатысуымен жүргізілген Яндекс Такси алгоритмдік баға белгілеу тиімділігінің аудиті нәтижелері қаралды.
Аудиттің мақсаты — Яндекс сервисін, соның ішінде такси қызметтерінің бағасына әсер ететін шарттар мен параметрлерді зерделеу болды.
Алғашқы аудит нәтижелері бойынша баға белгілеу жүйесіне әсер етуі мүмкін бірқатар тәуекелдер анықталды. Атап айтқанда: қаланың шекараларының әкімшілік-аумақтық шекаралармен сәйкес келмеуі, бағаның бағаға қатысы жоқ компоненттер арқылы артуы, қосымшада толық баға есептеу ақпаратының болмауы, әуежайда жолаушыларды орналасқан жері бойынша «кемсіту» және басқа да жайттар.
Кейбір тәуекелдер жойылды, ал кейбірі бойынша Яндекс оларды жою жөнінде міндеттемелер қабылдады. Мәселен, Агенттіктің хабарламасы негізінде пайдаланушыларға арналған адалдық бағдарламасының (Яндекс+ бағдарламасы) ережелері өзгертілді. Өзгерістер нәтижесінде Яндекс бұл бағдарлама бойынша (клиенттерге ұсынылатын жеңілдіктер) барлық шығындарды өз мойнына алды.
Сондай-ақ Яндекстің қолданыстағы комплаенсіне антимонополиялық заңнаманы бұзуға, сұраныстың артуы кезінде такси қызметтерінің бағасының негізсіз өсуіне, сондай-ақ жүргізушілердің табысының төмендеуіне жол бермеуге бағытталған шаралар кешенін іске асыру жөніндегі міндеттемелер енгізілді.
Отырыс барысында Агенттікке келіп түскен өтініштер негізінде қалыптастырылған Яндекс.Такси жүргізушілерінің проблемалық мәселелері де қаралды.
Сонымен қатар Яндекс Такси өкілдерінің 2025 жылдың І тоқсанындағы антимонополиялық комплаенс талаптарын сақтау жөніндегі есебі тыңдалды. Отырыс қорытындысы бойынша мониторинг тобы мемлекеттік органдар мен Яндекс.Такси компаниясына қатысты бірқатар ұсынымдар қабылдады.