Қазақстан киберқылмыспен күресу үшін халықаралық әріптестіктер орнатып жатыр
Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті алаяқтарды анықтау мақсатында шетелдік әріптестермен белсенді қарым-қатынас орнатып, олармен тікелей байланыс және жедел ақпарат алмасу арналарын әзірледі.
Мысалы, ағымдағы жылдың қаңтар айында мамандар Арменияда бірлескен операция өткізіп, Еуропа мен ТМД елдерінің тұрғындарын алдап келген алаяқтар ашқан 2 колл-орталығының көзін жойды. Олар азаматтарды ірі инвестициялық жобаларға ақша салу сылтауымен алдап отырған. Бұл жайлы ҚР Ішкі істер министрлігі киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Жандос Сүйінбай ОКҚ баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Сонымен қатар Астана, Алматы қалаларында орналасқан 5 колл-орталықтың қызметі анықталып, жойылды.
«Шетелдік әріптестермен ынтымақтастықты арттыру үшін Компьютерлік қылмыстар туралы Еуропа конвенциясы мен Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымының Конвенциясына қосылу бойынша шаралар қабылдануда», — деді спикер.
Сондай-ақ Жандос Сүйінбай азаматтардың құқықтық және қаржылық сауаттылығы интернет-алаяқтықтың алдын алудың ең маңызды талабы екенін атап өтті.
Ол үшін қарапайым сақтық шараларын ұстану қажет:
— жеке деректерді ешкімге бермеу;
— сілтемелер мен қосымшаларға сақтықпен қарау;
— бейтаныс қоңырауларға сенбеу, ойланып жауап беру;
— таныстардан түрлі сұрау хабарламалар келген жағдайда, оларды тексеру;
— кез келген күмәнді жағдайда банкке не полицияға хабарласу.