Следите за новостями

Цифра дня

До 17,2% снижены потери воды в Шымкенте благодаря системе мониторинга водных ресурсов

    INMerge Almaty қорытындылары: «Әзербайжан мен Қазақстан экожүйені дамыту барысында күш біріктіреді»

    17 маусым күні Қазақстан мен Әзербайжан алғаш рет бірлесіп INMerge Almaty форумын өткізді.

    20 июня 2025 11:24, Profit.kz
    Рубрики: Qazaq IT

    Аталған шара екі ел арасындағы жаңа әріптестік стратегиясының негізін қалаған маңызды бастама болды. Ал Al-Farabi Innovation Hub (Қазақстан) пен SABAH.HUB (Әзербайжан) арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылуы форум аясындағы басты оқиғалардың біріне айналды.

    Стратегиялық маңыздылығы бар құжаттың көздеген мақсаты — стартаптардың халықаралық нарыққа, ең алдымен Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка (MENA) аймақтарына шығуын қолдау және әріптестікті нығайту болды. Екі тарап стартаптарды MENA өңірінде дамытуға, бірлескен акселерациялық және білім беру бағдарламаларын әзірлеуге, сондай-ақ екі елдің экожүйелері арасында білім мен тәжірибе алмасуға уағдаласты.

    Astana Hub басқарушы директоры Таңат Өскембаев бұл туралы: «Форум біздің елдер арасындағы инновациялар, технологиялық кәсіпкерлік және венчурлік инвестициялар сияқты басым бағыттарда байланысты күшейтуге арналған тиімді алаңға айналды. Өз кезегінде SABAH.HUB пен Al-Farabi Innovation Hub арасындағы меморандум — осы жолдағы тағы бір маңызды қадам».

    Форум аясындағы маңызды бөлімдердің бірі — Startup Competition байқауы болды. Бұл сайысқа Қазақстанның ең үздік 10 стартапы қатысты. Олардың қатарында Ozen Finance, Alem, Courstore, Set24, Arlan Biotech, Algebras AI, Livin, Aigul және Pleep сынды жобалар бар. Жеңімпаздар INMerge Innovation Summit 2025 финалына жолдама алу үшін бақ сынады. Аталған саммит қыркүйекте Баку қаласында өтеді, ал басты жүлде — $30 000. Саммитке қатысумен байланысты барлық шығын ұйымдастырушылар тарапынан өтеледі.

    Startup Competition жеңімпазы — Porte Tech стартапы болды. Бұл жоба қонақүйлерге арналған цифрлық консьерж-сервис ұсынады. Қызмет түрі бөлмеге кілтті пайдаланбай-ақ кіру, Wi-Fi жылдам қосу, онлайн тіркеу және мобильді қосымша арқылы қонақүй қызметтеріне тапсырыс беру мүмкіндіктерін қамтиды.

    «Қазақстан мен Әзербайжан мемлекеттерінің алдында ұқсас сын-қатерлер тұр — әсіресе адами капиталды дамыту барысында. Бізде талантты адамдар көп, алайда олардың әлеуетін толық жүзеге асыру үшін тұрақты жүйе құру қажет. Аймақтағы әріптестік неғұрлым тығыз болса, стартаптар үшін соғұрлым көп мүмкіндік ашылады. Бізді ортақ мәдениет пен тарих байланыстырады, бұл өз кезегінде әріптестікті тек логикалық қадам емес, болашағы зор бастама етеді. Бүгін біздің назарымыз Әзербайжан, Түркия, Қазақстан, Өзбекстан, Грузия, сондай-ақ MENA мен Шығыс Еуропа аймақтарына бағытталған. INMerge — нақты өзгерістерге жол ашатын серпінді алаң», — деді PASHA Holding бас директоры Джалал Гасымов.

    INMerge Almaty форумы 100-ден астам адамның басын қосты. Олардың арасында инвесторлар, стартап негізін қалаушылар, мемлекеттік органдар, корпорациялар және инновациялық орталық өкілдері болды. Бағдарлама шеңберінде стратегиялық баяндамалар оқылып, панельдік сессиялар жүргізілді.

    Бұл форум Қазақстан мен Әзербайжанның инновациялық экожүйелерін жақындатудағы маңызды кезеңге айналды. Ол алдағы INMerge Baku шарасының бастамасы іспеттес. Аталған саммит қыркүйекте өтіп, аймақтағы стартаптар, инвесторлар және технология көшбасшыларын біріктірмек. Бүгінгі таңда Қазақстан мен Әзербайжан халықаралық деңгейде бәсекелесе алатын біртұтас инновациялық кеңістік қалыптастырып келеді.

    Подписывайтесь на каналы Profit.kz в Facebook и Telegram.