Telegram компаниясы Astana Hub қатысушыларының қатарына қосылды
Telegram Орталық Азиядағы жетекші инновациялық кластер — Astana Hub-тың қатысушысы мәртебесін алды.
Telegram — деректер қауіпсіздігі, тұрақтылық, жылдамдық пен ауқымдылыққа басымдық беретін тәуелсіз технологиялық платформа. Бүгінде ол әлем бойынша ең көп жүктелетін бес қосымшаның қатарында. Ай сайын платформаға бір миллиардтан астам белсенді қолданушы кіреді.
Telegram ішіндегі Mini Apps веб-қосымшалары арқылы түрлі сервистер, маркетплейстер мен ойындар құруға болады. Бұл құралдар ай сайын 500 миллионнан астам қолданушыны тартуда. 2024 жылы компания ішкі валюта — Telegram Stars-ты іске қосты. Қосымша әзірлеушілер бұл валютаны Toncoin-ге айырбастай алады. Платформа цифрлық қауіпсіздік қағидаттарына адал: тіркелу кезінде жеке деректер талап етілмейді, бастапқы коды ашық, ал шифрлау хаттамалары аудитке қолжетімді.
Еске салсақ, былтыр маусым айында Telegram-ның негізін қалаушы Павел Дуров ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиевтің шақыруымен Қазақстанға келді. Сапар аясында ол Astana Hub-ты аралап, кластер инфрақұрылымымен, IT-компанияларға арналған қолдау бағдарламаларымен және жергілікті нарықтың әлеуетімен танысты. Нәтижесінде, Telegram-ның ресми кеңсесі Astana Hub аумағында ашылды.
Astana Hub экожүйесіне қосылу Telegram үшін бірлескен жобаларды іске асыруға, тәжірибе алмасуға және ішкі әрі жаһандық нарыққа арналған цифрлық өнімдерді дамытуға жаңа мүмкіндіктер ұсынады.