Следите за новостями

Цифра дня

3,2 трлн тг. — объемы электронной торговли в РК в 2024 г.

    Ұлттық Банк киберқылмысқа қарсы күресетін Антифрод-орталықты дамыту жоспарын таныстырды

    Антифрод-орталық жұмысын бастағалы 2,5 миллиард теңге шығынның алдын алды.

    12 июня 2025 10:39, Profit.kz
    Рубрики: Qazaq IT

    Қазақстан Ұлттық Банкі «Ұлттық төлем корпорациясы» АҚ-мен бірлесіп, Ұлттық Банктің Антифрод-орталығының алғашқы жылда атқарған жұмысын қорытындылады, сондай-ақ оны одан әрі дамыту жоспарын таныстырды.

    Антифрод-орталық алаяқтықпен күресу үшін банктерді, құқық қорғау органдары мен байланыс операторларын біріктіреді. Орталық 10 ай ішінде 2,5 млрд теңгеден астам шығынның алдын алды, жалпы 60 мыңнан астам оқиға тіркелген. Соның ішінде ең жиі кездесетін алаяқтық түрі — телефон арқылы жасалатын алаяқтық (22%), жалған инвестиция мен «дропперлік» карталарға қатысты операциялар (19%).

    Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен (бұдан әрі — ҚНРДА) және құқық қорғау органдарымен бірлесіп, жыл ішінде дерек алмасу платформасы құрылып, оған банктер, төлем және микроқаржы ұйымдары, ұялы байланыс операторлары, өкілетті құқық қорғау органдары мен басқа да мемлекеттік органдар қосылды. Сондай-ақ, алаяқтыққа қарсы орталықтандырылған жүйе құру үшін қажет заңнама базасы әзірленді. Бүгінгі таңда Антифрод-орталыққа 200-ден астам қатысушы қосылған.

    Қолданыстағы құқықтық тәжірибе негізінде қазір заңнамалық және нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізіліп отыр. Антифрод-орталықтың қатысушылары мен функционалы кеңейтіліп, мемлекеттік ақпараттық базалармен одан әрі интеграциялау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

    Өз кезегінде, ҚНРДА қаржы ұйымдарына қойылатын нормативтік талаптарды жетілдіру бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Бұл ретте нарық қатысушыларының антифрод-жүйелеріне қатысты технологиялық және инфрақұрылымдық базасына қойылатын талаптарды күшейту, тиісті тәуекелдерді басқару жүйелерін енгізу сияқты бағыттар қамтылған.

    ҚҰБ Төрағасының кеңесшісі — Цифрлық трансформация басшысы Бинұр Жаленовтің айтуынша, Ұлттық Банктің Антифрод-орталығы жасанды интеллект көмегімен алаяқтардың схемаларын алдын ала болжау бағытында дамитын болады. Бұдан бөлек, орталықтың деректері Бас прокуратура мен байланыс операторларының деректер базасымен біріктіріледі.

    «Алаяқтыққа қарсы күресті тиімді жүргізуге экожүйелік тәсіл қажет. 10 ай ішінде біз негізгі іргетас — жедел дерек алмасу платформасы мен жалпыұлттық сұр және қара тізімдерді қалыптастыру механизмін құрдық. Алдағы уақытта жасанды интеллект технологиялары негізінде сессиялық және транзакциялық антифрод жүйелерінің жаңа даму кезеңін іске қосуды көздеп отырмыз», — деді ол.

    «Антифрод-орталық қазір әр қырынан дамып келеді, сол үшін де ол кәдімгі тірі экожүйе қалпын сақтап қалады. Біз орталықты дамыту үшін оған салып жатқан инвестицияны жалғастыруға дайынбыз. Оны заңнамалық тұрғыда жетілдіру үшін де қолдай түсеміз», — деді ҚҰБ Төлем жүйелері департаментінің директоры Ерлан Ашықбеков.

    2025 жылы Антифрод-орталықты дамыту аясында сессиялық антифрод бойынша пилоттық жоба іске қосылады. Жоба аясында қаржы нарығына қатысушылардың қосымшаларындағы мінез-құлық белсенділігі кең көлемді деректер негізінде талданады. Бұл өз кезегінде төлем немесе аударым жасалғанға дейін алаяқтық әрекеттерді анықтап, оларды дер кезінде бұғаттауға мүмкіндік береді. Бұл ретте дербес деректердің құпиялылығы мен қауіпсіздігіне ерекше назар аударылады. Бұдан әрі алаяқтық транзакцияларды дер кезінде анықтап, оларды банктер арасындағы операциялар деңгейінде бұғаттауға мүмкіндік беретін транзакциялық антифродты ұлттық төлем жүйелері деңгейінде енгізу жоспарланып отыр.

    Сондай-ақ зардап шеккен азаматтарға қаражатын қайтару рәсімін жеңілдету, Антифрод-орталықтың функционалын есірткі саудасы мен заңсыз құмар ойындарға қарсы күреске бейімдеу, орталық базаларында тіркелген тұлғалардың қаржы қызметтерін алуына шектеу қою мәселелері қарастырылып жатыр. Халықтың кибергигиенасы мен қаржылық сауатын көтеруге де баса назар аударылмақ.

    Подписывайтесь на каналы Profit.kz в Facebook и Telegram.