Цифрлық активтер және орнықты даму. Сарапшылар AIF аясында өткен АХҚО-ның панельдік сессияларында заманауи трендтерді талқылады
«Астана» халықаралық қаржы орталығы 29-30 мамырда Қазақстан астанасында өткен Astana International Forum аясында екі панельдік сессияның бірлескен ұйымдастырушысы болды.
Цифрлық активтер мен орнықты дамуды қаржыландыру — осы дискуссиялардың негізгі тақырыптары болды, іс-шараға қаржы секторындағы негізгі трендтерді талқылау үшін мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың және бизнестің өкілдері жиналды.
«Астана» халықаралық қаржы орталығының Басқарушысы Ренат Бектұров: «Astana International Forum жоғары деңгейдегі дискуссиялық алаңы мәртебесін бекітті, мұнда мемлекеттер мен үкіметтердің басшылары, халықаралық сарапшылар мен бизнес өкілдері саясат, экономика және қаржы салаларындағы жаһандық сын-тегеуіріндер мен даму перспективаларын талқылайды. Форум аясында АХҚО қазіргі заманғы қаржының маңызды тақырыптары — біздің күнделікті өмірімізге барған сайын терең еніп, экономиканы өзгертіп жатқан цифрлық активтер және адамның қоршаған ортаға әсерін төмендету жөніндегі мақсаттарға қол жеткізу үшін орнықты дамуды қаржыландыру туралы сессиялар ұйымдастырды».
Форум аясында АХҚО өткізген бірінші сессия — «Цифрлық активтер революциясы: Астана цифрлық қаржының жаһандық картасында» деп аталды, АХҚО реттеушісі — Astana Financial Services Authority (AFSA) Бас директоры Евгения Богданова модератор болды.
AFSA Бас директоры Евгения Богданова: «Қазақстан цифрлық активтер секторында өңірлік көшбасшы позициясына ие болу үшін елеулі қадамдар жасауда. Мұның бәрі 2019 жылы АХҚО базасында FinTech-құм жәшігінің және эксперименттік реттеуші режимнің іске қосылуынан басталды. 2022 жылы АХҚО ұлттық реттеушілермен бірлесіп 6 криптовалюта биржасы, 8 банк пен 50 мыңға жуық қолданушылардың қатысуымен крипто-фиат шлюздерін интеграциялау бойынша пилоттық жобаға бастамашы болды. Бұл жоба өте сәтті болды. Бүгінгі таңда АХҚО Binance, Bybit, Bitfinex сияқты лицензияланған криптоплатформалар, сондай-ақ цифрлық активтердің басқа да жеткізушілері жұмыс істейтін толыққанды экожүйеге айналды. Осы жылдың бірінші тоқсанында ғана сауда-саттықтың жалпы көлемі 1,7 миллиард АҚШ долларын құрады».
Сессияда ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев, Solana Foundation президенті Лили Лю, цифрлық трансформация басшысы және ҚР Ұлттық Банкі төрағасының кеңесшісі Бинұр Жаленов, Binance Kazakhstan бас менеджері Нұрхат Көшімов және Visa вице-президенті және Орталық Азиядағы өңірлік директоры Санжар Сүлейманов қаржылық ландшафт цифрлық активтердің әсерінен қалай өзгеріп жатқанын талқылады.
Қазірдің өзінде олардың тез енуі жаңа мүмкіндіктер ашып қана қоймай, сонымен қатар қаржы жүйелері мен жалпы экономика үшін белгілі бір сын-тегеуіріндер туғызуда. Осыған байланысты спикерлер цифрлық валюталардың — криптовалюталар мен токендерден бастап Орталық банктердің цифрлық валюталарына (CBDC) дейінгі эволюция процесін және олардың ақша-несие саясатына әсерін қарастырды.
Сондай-ақ цифрлық активтерді жаһандық реттеу контекстіндегі Қазақстан мен АХҚО-ның бірегейлігі, трансшекаралық төлемдер мен есеп айырысуларды оңайлатудың блокчейн негізіндегі сервистердің мүмкіндіктері, CBDC-дің дәстүрлі монетарлық саясатқа әсері және орталық банктердің рөлі, сондай-ақ цифрлық активтердің Қазақстанмен әлемде инвестициялық құрал ретінде танымалдылығының артуы — талқылаудың орталық тақырыптары болды.
Binance Қазақстан бас менеджері Нұрхат Көшімов: «Біз Binance ретінде АХҚО-ны юрисдикция ретінде таңдадық, өйткені Қазақстан — компаниямыз үшін стратегиялық маңызды нарық. Юрисдикцияда ашық, барабар және теңдестірілген реттеу жүйесінің болғаны өте маңызды. Бұдан басқа, біз компания ретінде технологиялармен бөлісу, инфрақұрылым мен адами капиталға инвестиция салу, жергілікті командаларды дамыту сияқты шарттармен жұмыс істеуге міндеттіміз деп санаймыз».
Solana Foundation президенті Лили Лю: «Криптоиндустрия таланттар мен капиталды дамытуға инвестиция салуды жалғастыруы керек. Дәл осы екі элемент әрқашан Solana сияқты экожүйені құруға негіз болды — біз энтузиастарды үсті-үстіне тартудамыз, оларға ресурстар мен мүмкіндіктер берудеміз. Және бұл тәсілді біз Қазақстанда белсенді түрде ілгерілетуге ниеттіміз, өйткені дәл осы жерде таланттардың ең перспективалы және динамикалық экожүйелерінің бірі шоғырланған».
АХҚО өткізген екінші сессияның басты тақырыбы экологиялық және климаттық жобаларға капитал тартудың маңызды құралы ретінде «жасыл» облигациялар болды.
«Мемлекеттік „жасыл“ облигациялар: орнықты даму саласындағы ұлттық күн тәртібін қаржыландырудың жаңа мүмкіндіктері» деп аталатын сессияның модераторы «Фридом Банк Қазақстан» басқарушы директоры Бақытжан Қарағойшин болды, ал спикерлер ретінде АХҚО Жасыл қаржы орталығының бас директоры Манас Гиждуаниев, БҰҰДБ Қазақстандағы тұрақты өкілінің орынбасары Сухроб Ходжиматов, AIX нарықтар мен өнімдер жөніндегі басқарушы директоры Біржан Астаев, Қазақстандағы халықаралық қаржы корпорациясы өкілдігінің басшысы Екатерина Комова-Бенджамин және, ЕҚДБ Қазақстандағы өкілдігі басшысының орынбасары Асқар Намазбаев сөз сөйледі.
Climate Bond Initiative мәліметтері бойынша 2024 жылдың үшінші тоқсанының аяғында әлемде «жасыл», әлеуметтік және орнықты дамудың 554 облигациясы тіркелген, оларды 58 мемлекет 630,5 млрд доллар сомасына шығарған.
Мұндай бағалы қағаздарды шығару практикасы бүкіл әлемде қарқын алуда және Орталық Азия елдері бұл үрдістен тыс қалмауы тиіс. Мұндай құралдарды пайдалану ұлттық даму мақсаттарына тиімдірек қол жеткізуге көмектеседі.
АХҚО Жасыл қаржы орталығының бас директоры Манас Гиждуаниев: «Қазақстандағы орнықты қаржыландыру нарығының көлемі бүгінде 1,7 млрд долларға жетті, оның 600 млн жасыл облигацияларға тиесілі. Осы сегменттегі шығарылымдардың 70%-ын АХҚО Жасыл қаржы орталығының командасы верификациялағанын қуана атап өткім келеді. Алайда, осы шығарылымдардың барлығын осы уақытқа дейін корпоративтік сектор мен халықаралық даму институттары жүзеге асырғанын атап өткен жөн. Қазақстанда муниципалдық облигациялардың бірде-бір шығарылымы болған жоқ, бірақ дәл осы жерде біз зор әлеуетті көріп отырмыз. Қазір біз өңірлік мемлекеттік құрылымдармен белсенді ынтымақтасып, оларға орнықты қаржыландыру нарығына шығуға көмектесудеміз. Жарқын мысалдардың бірі — Ақтөбе облысы әкімдігінің еншілес құрылымы „Ақтөбе“ әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы. Ол Қазақстанда өңірлік даму мақсаттарымен байланыстырылатын әлеуметтік облигациялардың алғашқы шығарылымына дайындалуда».
AIX нарықтар мен өнімдер жөніндегі басқарушы директоры Біржан Астаев: «Егер Қаржы министрлігі шығаруы мүмкін жасыл егеменді еурооблигациялар туралы айтатын болсақ, әзірге Қазақстанда мұндай прецеденттер жоқ. Бірақ біз оны болашақта көреміз деп үміттенемін. Неліктен бұл маңызды? Бұл қаражат экологиялық жобаларға жұмсалып, өмір сүру сапасын жақсартады, бұл ретте мен мәселенің қаржылық жағын да атап өткім келеді. Арнайы резервтер– тек жасыл жобаларға инвестиция салуға арналған қорлар бар. Көптеген халықаралық инвесторлар осындай қорларға ие. Егер Қаржы министрлігі жасыл облигациялар шығарса, онда бұл ресурстардың құлпы ашылады, бұл өнімге сұранысты арттырады және эмитентке қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді. Бұл ел үшін тікелей қаржылық пайда».
Сессия сарапшылары мемлекеттік құрылымдардың «жасыл» облигацияларды шығаруы олардың төмен көміртекті дамуға бейілділігі және инвесторлардан неғұрлым тиімді шарттармен «жасыл» жобалар үшін капитал тарту мүмкіндігі туралы белгі екенін атап өтті. Инвесторлар енді экономиканың дәстүрлі секторларына инвестиция салудың орнына осындай жобаларға артықшылық бере отырып, орнықты дамуға көбірек назар аударуда.
Сондай-ақ сессияға қатысушылар мемлекеттік «жасыл» облигациялардың шығарылуын тежейтін негізгі кедергілерді, осы сектордағы табысты кейстер мен үздік практикаларды, сондай-ақ даму банктері мен халықаралық қаржы ұйымдарының тарапынан «жасыл» бағалы қағаздар шығарудағы қолдауды талқылады.