Түркістан облысында полиция камералардың көмегімен құқық бұзушылықтарды анықтауда
Көшедегі тәртіп, жолдағы қауіпсіздік және қоғамдық орындардағы заң талаптарының сақталуы – Түркістан облысы полицейлерінің жіті назарында.
Түркістан облысында жедел басқару орталығына қосылған бейнебақылау камералары тәулік бойы жұмыс істейді. Сайрам ауданында олардың көмегімен 200 құқық бұзушылық анықталып, әрбір дерек бойынша заңға сәйкес шаралар қабылданды.
Анықталған құқық бұзушылықтардың басым бөлігі абаттандыру және жол қозғалысы талаптарына қатысты. Мәселен азаматтардың абаттандыру қағидаларын бұзғаны 50-ге жуық жайт анықталып, заңды шара көрілген. Солардың бірі Ақсукент ауылында азаматтың темекі шегіп, темекі қалдығын белгіленбеген жерге тастағаны бейнекамераға түскен. Полиция қызметкерлері тұрғынның жеке басын анықтап, шара көрді.
Автокөлік әйнектерін жарық өткізгіштігі талаптарына сай келмейтіндей күңгірттеп басқарған 32, жол жүрісі қағидаларын бұзған 11, бағдаршамның тыйым салатын қызыл түсіне өтіп кеткен 9 жүргізуші анықталып, әкімшілік шара қолданылған.
Бейнебақылау камераларының назарына қоғамдық орындардағы ұсақ тәртіп бұзушылықтар да ілігеді. Мәселен Манкент ауылының көшесінің бірінде жолды белгіленбеген жерден кесіп өткен тұрғын анықталды. Дәл осында 25 факт тіркелді. Оларға әкімшілік шара көрілді.
Бір аптаның статистикасы бейнебақылаудың тек бақылау құралы емес, құқық бұзушылықтың алдын алудың да тиімді тетігі екенін көрсетеді. Камералар арқылы заң талаптарының сақталуы бақыланып, құқық бұзушылық жасаған азаматтар дер кезінде анықталады.