Сингапур мен Қазақстан ынтымақтастықты кеңейтуде: назарда — «ақылды» қалалар, биотехнология және білім беру
««Kazakh Invest» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Мадияр Сұлтанбек Singapore Business Federation және Overseas Market Workshop бағдарламасы аясында Қазақстанға келген сингапурлық компаниялар өкілдерімен кездесу өткізді.
Делегация құрамына инжиниринг, «ақылды» қалалар, биотехнология, білім беру, логистика, телекоммуникация, финтех және экологиялық таза технологиялар салаларында жұмыс істейтін 20-дан астам компания кірді. Қатысушылар қатарында — Алматыда Балалар ғылыми орталығы жобасын жүзеге асырып жатқан Kingsmen Exhibits, биотехнологиялық компания Esco Lifesciences, экологиялық шешімдер әзірлеуші Speco Singapore, тоңазытылған логистикамен айналысатын Jurong Cold Store, сондай-ақ Smartli, I Can Read және The Global Citizen Education Group білім беру технологиялық компаниялары бар.
Кездесу барысында Қазақстанға инвестиция салу, өндірісті жергіліктендіру, бірлескен кәсіпорындар құру және Орталық Азия нарығына шығу мүмкіндіктері талқыланды. Қазақстан тарапы мемлекеттік қолдау шаралары, салықтық жеңілдіктер және инвесторларға арналған «бір терезе» қағидаты бойынша сүйемелдеу жүйесімен таныстырды.
Кездесу барысында Мадияр Сұлтанбек Қазақстан технологиялық жағынан дамыған елдермен, оның ішінде Сингапурмен, тұрақты және ұзақ мерзімді серіктестік орнатуға мүдделі екенін атап өтті. Ол қазіргі бастамалар қалалық және әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуда заманауи шешімдерді енгізуге кең мүмкіндік беретінін айтты.
«Біздің мақсатымыз — тек капитал тарту емес, сонымен қатар жаһандық ойыншылармен жүйелі серіктестік орнату. Сингапурлық компаниялар жоғары технологиялық деңгейге және дамыған экспорттық стратегияларға ие, оларды Қазақстан жағдайына бейімдеуге болады. Бізге жергілікті нарыққа жай ғана шығуды емес, тұрақты индустриялық және инновациялық база құруды көздейтін серіктестер қажет», — деді ол.
Делегация сапары аясында Астана мен Алматыда мемлекеттік органдармен, салалық министрліктермен, бизнес-қауымдастықтармен кездесулер, сондай-ақ индустриялық алаңдар мен білім беру мекемелерін аралау жоспарланған.
Миссия Singapore Business Federation, Enterprise Singapore және KAZAKH INVEST қолдауымен ұйымдастырылған. Бұл кездесу Қазақстан мен Сингапур арасындағы іскерлік байланыстарды нығайтуға бағытталған маңызды қадам болып, өзара тиімді ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін ашады.