Қазақстанда қарыз бен несие алудан бас тартудың баламалы тәсілі пайда болды
Айта кетейік, бұған дейін несиеден бас тарту тек электронды үкімет порталы немесе eGovMobile мобильді қосымшасы арқылы жүзеге асырылатын.
Енді қазақстандықтар банктен қарыз алу мен микронесиені рәсімдеуді Бірыңғай байланыс орталығы арқылы өз еркімен тыйым сала алады. Бұл үшін 1414 нөміріне қоңырау шалу жеткілікті.
Қарыз алу мүмкіндігін бұғаттау үшін Мобильді азаматтар базасында тіркелген телефон нөмірінен 1414 нөміріне хабарласу қажет. Тіл таңдалғаннан кейін (қазақ немесе орыс тілі), интеллектуалды дауыстық көмекші абоненттен қандай қызмет қажет екенін анықтайды, қызмет алушы өзіне керек қызметті кез-келген нысанда сипаттай алады. Сұранысты дұрыс тану үшін «қарыздардан бас тарту», «несиелер алуға тыйым салу», «несиелерден бас тарту өтінімі», «несиелерді онлайн жабу», «несиелерді бұғаттау өшіру» сияқты сөз тіркестерін қолдану ұсынылады. Әрі қарай, дауыстық көмекші банктік қарыздардан/несиелерден ерікті түрде бас тарту қажеттілігін нақтылауды сұрайды. «Иә» деп оң жауап бергеннен кейін жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) енгізіп, телефонға келген SMS-код арқылы өз әрекетін растау қажет.
Осы қадамдарды орындағаннан кейін азаматтың атына несие немесе қарыз рәсімдеу мүмкіндігі болмайды.
Егер болашақта шектеуді алып тастау қажеттілігі туындаса, 1414 нөміріне қайта хабарласу керек. Қызмет тәулік бойы қолжетімді және 1414 нөміріне қоңырау шалу тегін.
«Азаматтарымыздың өтініші бойынша біз 1414 нөмірі арқылы несиелер мен қарыздардан бас тартудың баламалы сервисін іске қостық. Қазір жүйе тестілеуден өтуде. Қызметті алудың басты шарты — Мобильді азаматтар базасында тіркеудің болуы», — деді «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы Басқарма Төрағасының орынбасары Айбат Ілиясов.
Еске сала кетейік, қазіргі таңда Бірыңғай байланыс орталығының дауыстық көмекшісі арқылы азаматтың міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі мәртебесін анықтау, салықтар мен әкімшілік айыппұлдар бойынша қарыздың бар-жоғы жөнінде мәліметті алу, соттылықтың болуы немесе болмауы туралы анықтаманы рәсімдеу, тұрғылықты жері бойынша тіркеу туралы ақпарат алу және басқа да қызметтер көрсетіледі.