ҚазМұнайГаз, SOCAR, Татнефть және Өзбекнефтегаз цифрландыру және өнеркәсіптік қауіпсіздік бағытында ынтымақтастықты нығайтуда
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов Баку қаласында «Энергетика саласындағы цифрландыру, өнеркәсіптік қауіпсіздік және сатып алулар» атты халықаралық конференцияға қатысты.
Іс-шараға қатысушылар мұнай-газ өнеркәсібіне инновациялық технологияларды енгізу, өндірістік қауіпсіздік, саладағы өзара тиімді ынтымақтастықты нығайту және тұрақты дамуды қамтамасыз ету мәселелерін талқылады. ҚМГ басшысы өз сөзінде ҚазМұнайГаз негізгі серіктестері — SOCAR, «Татнефть» және «Өзбекнефтегаз» компанияларымен геологиялық барлау мен көмірсутек өндіру саласында технологиялармен және тәжірибе алмасу бойынша ынтымақтастық аясын кеңейтуді жалғастыратынын атап өтті.
«Біз серіктес компаниялармен бірлесе отырып, процестерді басқаруға арналған цифрлық жүйелерді, интеллектуалды мониторинг желілерін және предиктивті талдауды енгізіп жатырмыз. Аталған жобалар көмірсутек өндіру мен өңдеудің барлық кезеңінде операциялық тиімділіктің және қауіпсіздіктің деңгейін арттыруға ықпал етеді. Сонымен қатар экологиялық қауіптерді азайту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Біздің өзара күш-жігеріміз салаға инновациялық шешімдер енгізуге бағытталған», — деп атап өтті А. Хасенов.
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында төтенше жағдайларды алдын алу және жою бойынша тиімді жүйелер қалыптастыру, сондай-ақ шұғыл жағдайлар кезінде жедел әрекет ететін қызметкерлер тобын даярлау бойынша бірлескен жұмыстар жүріп жатыр.
Конференция аясында SOCAR, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ, «Татнефть» ЖАҚ және «Өзбекнефтегаз» АҚ өкілдері цифрлық технологиялар және өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық туралы төртжақты меморандумдарға қол қойды. Құжаттар цифрлық шешімдерді әзірлеу мен енгізу, сондай-ақ техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды алдын алу және олардың салдарын жою бойынша тәжірибе алмасуды көздейді.