Мемлекет басшысы «Қазпошта» АҚ басқарма төрайымын қабылдады
Осы жылдары компания таза табысқа қол жеткізіп, бюджетке рекордтық 45 млрд теңге салық пен баж салығын төледі.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасованы қабылдады. Кездесу барысында компанияның 2024 жылғы қызметінің қорытындылары, ағымдағы қаржылық жағдайы және дамудың перспективалық бағыттары талқыланды.
Әсел Жанасова компания өз күш-жігерін төрт негізгі стратегия: трансшекаралық логистиканы дамыту, «Parcel First» арқылы сәлемдемелер жіберуге басымдық беру, қызметтерді цифрландыру және операциялық тиімділікті арттыруға бағыттағаны жайында айтып берді. Соңғы екі жылда «Қазпошта» тұрақты қаржылық нәтижелерін көрсетті.
«Қазпошта» АҚ логистикалық процестерді оңтайландырудың арқасында алғаш рет Дүниежүзілік пошта одағының рейтингі бойынша әлемнің ТОП-50 пошта операторлары қатырына енді. Пошта жөнелтілімдерінің көлемі 26%-ға артты, оның ішінде 20 млн өңделген сәлемдеме бар, оның 9 млн-ы халықаралық.
«Даму» қорымен серіктестікте HomePost жобасы іске қосылды, оның аясында 180 тапсырыс беру пункті ашылды, ал 2025 жылы олардың саны 1000-ға жетпек. HomePost логистикалық қызметтердің қолжетімділігін арттыратын маңызды қадам болды, әсіресе шағын қалалар мен ауылдық жерлерде. Бұл пункттер клиенттерге өз сәлемдемелерін ірі пошта бөлімшелеріне бармастан тез және ыңғайлы алуға мүмкіндік береді.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қытай бағыты бойынша ынтымақтастықтың жылдан жылға тиімдірек болып келе жатқаны туралы ақпарат берілді. YTO Express-пен ынтымақтастық аясында 50 млн доллар көлемінде инвестиция тартылды, олар пошта инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталды. Сондай-ақ Қазақстандағы ірі Қытай маркетплейсін оқшаулауға мүмкіндік беретін JD.com-мен келісім аяқталу сатысында.
«Қазпошта» АҚ қызмет көрсету сапасын арттыру және инфрақұрылымды дамыту үшін инновацияларды енгізуге ұмтылады. Japan Post-пен бірлесіп «соңғы миляны» оңтайландыратын логистика стандарттары әзірленуде, ал Toshiba-мен қызметкерлердің физикалық жүктемесін азайтуға және өнімділігін арттыруға бағытталған қойма операцияларын роботтандыру жөніндегі жоба іске қосылуда.
Alibaba Group-тың еншілес компаниясы — Cainiao-мен ынтымақтастық Қазақстан арқылы ТМД-ның 9 еліне 100 млн жөнелтілімге дейін транзитті арттыру үшін перспективалар ашуға дайындалуда. Бұдан басқа Alipay технологияларын енгізу трансшекаралық төлемдер мен қазақстандық бизнестің әлемдік цифрлық платформаларға ықпалдасуын жеңілдетеді.
«Қазпошта» АҚ АҚШ, Германия, Қытай және Оңтүстік Кореяның халықаралық маркетплейстеріне ыңғайлы қолжетімділікті қамтамасыз ете отырып, клиенттер арасында танымалдыққа ие болған Keruen сервисін дамытуды жалғастыруда. 2024 жылы Keruen-ді пайдалану арқылы 13 111-ден астам сәлемдеме жеткізілді, олардың 40%-ы Еуропа мен Америка елдерінің жөнелтілімдері.
Сервис географиясын Жапония, Ұлыбритания және Түркия тәрізді жаңа бағыттарды қосу есебінен кеңейту жоспарланып отыр. Бұл транзиттік жөнелтімдер көлемін ұлғайтуға және клиенттерге эксклюзивті тауарларға тапсырыс беру үшін бұдан да мол мүмкіндіктер береді. Keruen Қазақстанның жаһандық электрондық коммерция нарығындағы ұстанымын нығайтуға белсенді ықпал етеді. Жылдам өсетін нарықтың қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін заманауи қойма кешендерінің желісін дамыту бойынша жұмыс жүргізілуде. «S System» түрік компаниясымен серіктестікте Ақтөбе қаласындағы әуежай аумағында ауданы 15 000 шаршы метр мультимодальдық қойма салу жоспарланып отыр.
Компания пайдаланушы тәжірибесін де назардан тыс қалдырмайды. «QazPost» қосымшасында клиенттер жөнелтімдерді қадағалап, сәлемдемелерді рәсімдей алады, қызметтерге ақы төлеп, өзекті ақпаратты ала алады. Бұл шешімдер процесті ыңғайлы және жылдам ете отырып, клиенттердің компаниямен өзара іс-қимылын жеңілдетуге бағытталған. Кездесу қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев компанияны қаржылық сауықтыру, логистикалық әлеуетті арттыру және цифрлық шешімдерді дамыту жөніндегі жұмысты жалғастыруды тапсырды.
«Қазпошта» АҚ орналасу географиясын кеңейту, қызмет көрсету сапасын жақсарту және заманауи технологияларды енгізу бойынша белсенді жұмысты атқаратын елдің логистикалық экожүйесінің негізгі элементі болып қала береді.