Қазақстан мен DEC40 AI-Native моделі негізінде Қазақстанның цифрлық өңірлерін дамытуда
Астана қаласында Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен DEC40 альянсының цифрлық өңірлерді дамытуға және заманауи Smart City және AI-шешімдерді енгізуге арналған бірлескен форумы өтті.
Форумның негізгі назары Қазақстан өңірлерін цифрлық трансформациялауға және жекелеген Smart City жобаларынан AI-Native cities & regions жүйелі моделіне көшуге аударылды. Аталған модель шеңберінде жасанды интеллект қалалар мен өңірлерді күнделікті басқарудың негізгі құралдарының біріне айналады. Бұл жұмыс 2029 жылға дейінгі «Digital Qazaqstan» жалпыұлттық стратегиясы және «ақылды қалалар» мен «ақылды өңірлерді» құру жөніндегі жаңартылған Әдістеме шеңберінде жүргізілуде. Жаңа тәсіл өңірлердің бірыңғай цифрлық архитектурасын қалыптастыруды, деректермен жұмысты дамытуды, жасанды интеллектті енгізуді және тиімді цифрлық шешімдерді тираждауды көздейді.

«Біздің Министрліктің негізгі міндеті — халықтың өмір сүру сапасын арттыру және қалаларымыз бен өңірлерімізді дамыту үшін жаңа технологияларды пайдалану. Технологиялық серіктестермен диалог нақты нәтижелерге әкелуі үшін нақты шешімдерге көшу қажет: оларды пилоттық жобалар арқылы сынақтан өткізу, практикалық тиімділігін бағалау және үздік шешімдерді масштабтау. Сондықтан біз үшін жекелеген кездесулермен шектелмей, жүйелі әрі ұзақ мерзімді әріптестік орнату маңызды», — деп атап өтті Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Бахтияр Мұхаметқалиев.
Форум өңірлер мен технологиялық компаниялардың тікелей өзара іс-қимылы үшін практикалық алаңға айналды. Sinomach Digital Technology, Sinosoft, Beijing Guang’an Xuanguang Technology, Beijing Unihannto Technology, UCloud және Beijing Fengrun Shengjing Technology компанияларының өкілдері әкімдіктермен және отандық IT-компаниялармен ынтымақтастықтың ықтимал бағыттары және технологиялық шешімдерді тікелей өңірлерде пилоттық режимде сынақтан өткізу мәселелері бойынша келіссөздер жүргізді.
AI & Digital Bridge 2026 форумы қарсаңында Министрлік, өңірлік цифрландыру басқармаларының өкілдері және DEC40 ынтымақтастық туралы көпжақты келісімге қол қойды.
Мұндай өзара іс-қимыл форматы алғаш рет қолданылып отыр және Министрліктің үйлестіруші рөлін сақтай отырып, өңірлер мен технологиялық компаниялар арасында тікелей ынтымақтастық орнатуға мүмкіндік береді. Бұл ретте технологиялық шешімдерді бейімдеу мен енгізуге отандық IT-компанияларды тартуға ерекше назар аударылады.
Ынтымақтастықтың тағы бір маңызды бағыты — өңірлік командалардың құзыреттерін дамыту. Форум аясында өңірлік CDO-лар мен цифрландыру басқармаларының басшылары үшін Пекиннің ақылды қалаларды дамыту және қалалық басқаруда цифрлық технологияларды қолдану тәсілдеріне арналған мамандандырылған тренинг өткізілді.
Осылайша, Министрлік өңірлерді цифрлық трансформациялаудың жаңа моделін дәйекті түрде қалыптастыруда: жекелеген Smart City жобаларынан — цифрлық өңірдің бірыңғай архитектурасына, деректер негізінде басқаруға және AI-Native cities & regions моделіне көшуге дейін.
Өткізілген форум осы бағыттағы жұмыстың практикалық қадамы және Қазақстан өңірлерінің нақты міндеттерін шешу үшін халықаралық технологиялар мен сараптаманы тартуға арналған алаң болды.