«Ақылды өткел»: Қарағандыда жаяу жүргіншілер қауіпсіздігін Face ID технологиясы күзетеді
Жолдың екі жағында орнатылған бұл жоғары технологиялық жүйе жаяу жүргіншілердің жол қозғалысы мәдениетін түбегейлі өзгертіп, олардың қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.
Қарағанды қаласында Жауынгер-интернационалистер көшесінде, Орталық саябақтың кіреберісінде «Ақылды жаяу жүргіншілер өткелі» атты инновациялық аппараттық-бағдарламалық кешен іске қосылды.
Жүйе Жол жүрісі қағидаларын бұзу фактілерін, атап айтқанда жолды бағдаршамның тыйым салатын қызыл сигналына өту жағдайларын тіркеп қана қоймай, Face ID технологиясы арқылы ішкі істер органдарының есебінде тұрған тұлғаларды да анықтай алады. — Аталған кешенді енгізудегі негізгі мақсат — ең алдымен азаматтарымыздың өмірі мен денсаулығын сақтау. Жаяу жүргіншілер өткелдеріндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету — біздің басты басымдығымыз, — деп атап өтті Қарағанды облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Жасқайрат Қайыров. Ол алаңдатарлық статистиканы да келтірді: жыл басынан бері облыс аумағында жаяу жүргіншілерді қағу бойынша 54 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Соның салдарынан 5 адам қаза тауып, тағы 50 адам түрлі дәрежедегі жарақат алған. — Өкінішке қарай, жол-көлік оқиғаларына көбіне жаяу жүргіншілердің өздері себеп болады. Олар жолды белгіленбеген жерден кесіп өтеді немесе бағдаршамның қызыл сигналына қарамастан жолға шығады. Осындай құқық бұзушылықтардың он мыңнан астамы тіркелді, — деп қосты Жасқайрат Қайыров.
«Ақылды жаяу жүргіншілер өткелі» кешенінің артықшылықтары айқын. Ол халық көп шоғырланатын аумақтардағы қауіпсіздік деңгейін едәуір арттырып, жол-көлік оқиғаларының тәуекелін төмендетуге және адам өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді. Құқық бұзушылық тіркелген сәтте жүйе тәртіп бұзушыны дереу анықтап, оның деректерін саябақ кіреберісіндегі стационарлық бекетте орналасқан планшетке немесе компьютерге жолдайды. Оқиға туралы ақпаратты алғаннан кейін полиция қызметкері құқық бұзушыны тоқтатады. Алынған мәліметтер негізінде әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылады.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 615-бабына сәйкес, жолды бағдаршамның тыйым салатын сигналына өткені үшін 8 650 теңге көлемінде айыппұл қарастырылған. Қайталанған жағдайда айыппұл мөлшері 43 250 теңгеге дейін өседі. Қазіргі уақытта кешен пилоттық режимде жұмыс істеп тұр. Іске қосу және баптау жұмыстары толық аяқталғаннан кейін ол толыққанды режимде пайдалануға беріледі.