Қазақстанның ақылы жолдарында лазерлік қауіпсіздік жүйелері енгізілуде
ҚазАвтоЖол ұлттық компаниясы жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға бағытталған инновациялық шешімдерді кезең-кезеңімен енгізуді жалғастырып келеді.
Бүгінде соның маңызды бағыттарының бірі — ақылы автомобиль жолдарында лазерлік визуалды бағдарлау жүйелерін орнату.
Аталған жұмыстарды «Ақылы автомобиль жолдары дирекциясы» филиалы республикалық маңызы бар жолдардың 22 учаскесінде жүзеге асыруда. Олардың қатарында Астана — Щучинск, Алматы — Қорғас, Шымкент — Тараз, Орал — Ресей Федерациясы шекарасы бағыттары және өзге де стратегиялық маңызы жоғары дәліздер бар.
Жаңа технология ең алдымен көріну деңгейі төмен жағдайларда және тәуліктің қараңғы уақытында қозғалыс қауіпсіздігін арттыруға бағытталған. Дәл осы кезеңде жүргізуші факторына түсетін жүктеме артып, қателік ықтималдығы жоғарылайтыны белгілі.
Лазерлік қондырғылар жүргізушінің көру аймағына айқын жарық сызықтарын проекциялап, жол бойында нақты визуалды бағдар қалыптастырады. Бұл өз кезегінде:
— қозғалыс жылдамдығы мен бағытын уақытылы түзетуге;
— ұзақ әрі бірсарынды учаскелерде рөлде қалғып кету қаупін азайтуға;
— жүргізушінің зейінін арттыруға;
— жол жағдайын қабылдауды жақсартуға мүмкіндік береді.
Әсіресе, мұндай жүйе ұзақ қашықтықтағы трассаларда жоғары тиімділігін көрсетеді. Себебі дәстүрлі жол таңбалары мен белгілер кей жағдайда көрінбей қалуы мүмкін.
Халықаралық тәжірибе де бұл технологияның нәтижелілігін дәлелдеп отыр. Шетелдік пилоттық жобалардың деректеріне сәйкес, лазерлік сигналдарға жүргізушілердің реакциясы дәстүрлі құралдарға қарағанда әлдеқайда жылдам, ал мұндай учаскелерде жол-көлік оқиғаларының деңгейі 40–50%-ға дейін төмендейді.
Айта кету керек, бұл технология Қазақстандағы ақылы жол пайдаланушылары тарапынан да оң бағасын алуда. Жүргізушілер қозғалыс кезінде бағдарлаудың жеңілдегенін, түнгі уақытта жүргізу жайлылығының артқанын және жалпы қауіпсіздік деңгейінің жақсарғанын атап өтуде.
ҚазАвтоЖол интеллектуалды көлік инфрақұрылымын дамыту бағытын жүйелі түрде жалғастырып келеді. Бұл ретте басты назар алдын алу шараларына аударылған. Лазерлік жүйелерді енгізу — тек технологиялық жаңғырту ғана емес, адам өмірін сақтауға бағытталған маңызды қадам әрі қауіпсіз жүргізу мәдениетін қалыптастыруға қосылған үлес.