Қазақстанда жылжымайтын мүлікті сату бойынша нотариаттық мәмілелерді онлайн жасау жоспарланған
Әділет министрлігі e-notary платформасында жылжымайтын мүлікті онлайн сатуды бастамақ.
Енді азаматтар онлайн ипотека рәсімдейтін болса, банктерге барудың қажеті болмайды, бейнеқоңырау арқылы нотариуспен байланысып мәміле жасауға болады. Бұл туралы ҚР әділет вице-министрі Бекболат Молдабеков ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді.
«Біз бұған дейін e-notary жобасын іске қостық. Сіз әлемнің кез келген жерінен телефоннан нотариусқа бейнеқоңырау шала аласыз. Енді нотариустарға барып, сенімхат рәсімдеу қажет емес. Бұл жобаны екі жылға жуық уақыт бойы пайдаланып көрдік. Азаматтардан шағымдар түскен жоқ. Тиісінше, енді осы платформада жылжымайтын мүлікті сатуды жоспарлап отырмыз. Шетелде жүргендер немесе үйден шыға алмайтындар болса, сонымен қатар, бұл „жіксіз“ онлайн-ипотека. Егер онлайн ипотека рәсімдесеңіз, банкке 10-15 рет барудың қажеті болмайды, нотариуспен бейнеқоңырау арқылы байланыса аласыз. Нотариус бәрін тексереді, телефоныңызға SMS келеді. Яғни, қауіпсіздіктің үш-төрт кезеңі ескерілген. Бұл қауіпсіз платформа. Оны іске қосып көрмекпіз. Азаматтардан ұсыныс бар. Иә, біз сенімхаттар жасаймыз. Енді пәтерлер мен көліктер. Кейбір банктердің қосымшасы арқылы көлікті рәсімдеуге болады», — деді вице-министр Бекболат Молдабеков.
Спикер жасанды интеллект негізінде Әділет министрлігінің «Minjust» ішкі порталы әзірленгенін айтты. Ол ескі және жаңа заңдарды, бұйрықтарды салыстыра алады, заңдағы қарама-қайшылықтарды табады. Бұл жоба мамандардың жұмысында онлайн көмекшіге айналды.